Балалар әдебиеті – ұлттық әдебиеттің қайнары

18 Мамыр 2022, 13:10
3593
Бөлісу:
Балалар әдебиеті – ұлттық әдебиеттің қайнары
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жазушыдар одағы 2021 жылдың әдеби жыл қорытындысын жариялады. Жиын барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, PhD Ерқанат Хуатбекұлы өткен жылы жарық көрген балалар әдебиеті жайлы баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2021 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігі «Республикалық бюджет қаражаты есебінен әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында бірқатар қаламгеріміздің жас оқырманға арналған шығармалары жарық көрген.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет он томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» оқырманға жол тартты. Қаншама жылдар көз майын тауысып, бір институттың жұмысын жалғыз атқарып, қазақ ақын, жазушыларының балаларға арналған туындыларын жинаған Байбота Қошым Ноғайдың табандылығы көпшілікке үлгі, - деді ол.  

Балалар әдебиеті – ұлттық әдебиеттің қайнары

Сонымен қатар ол қаламы жүйрік, қиялы ұшқыр жазушылардың 2021 жылы балаларға арналған көптеген туындылары жарық көргенін айта келе, солардың кейбіріне тоқталып өтті.

Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді», Нұрдәулет Ақыштың «Тау ішіндегі тауқімет», Бейсембай Сүлейменовтың «Сырлы Әлем», Әлібек Файзуллаұлының «Өтірік айтпайтын күн», Әбділдабек Салықбай «Айдана мен Ақжолтай», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан милионер», Ділдәр Мамырбаеваның «Әке мен бала», Жаңабек Шағатайдың «Ауылдың кішкентай археологтары», Заря Жұманованың «Күләйша, Рокфеллер және басқалар», Гүлзат Шойбекова «Тұрлыханның көк туы» сынды кітаптары қолымызға түсті, сонымен қатар Сырым Бақтыгерейдің Валерий Кастрючиннен аударған «Ержүрек құмырсқасы» мен Гүлзат Ақжолованың Әлия Беркімбаевадан аударған «Дәуіт атайдың ертегілері» сынды аудармаларын шолдық. Фолиант баспасы басып шығарған Ақселеу Сейдімбектің балаларға лайықтап әңгімелеген «Алпамыс батыр» эпосының баянын, Алдар Көсенің қызықты хикаяларын кітапханалардан еркін табуға мүмкіндік алдық, - деді Ерқанат Хуатбекұлы.

Соным ен қатар ол кәсіби әдебиеттің дамуына барынша күш салып, мемлекеттік тапсырыстан бойын алшақ ұстап, аз ғана уақытта әлемнің үздік туындылары мен балаларға арналған жауһарларды, жалпы оқырманға арналған көркем шығармаларды қамтыған 60-қа жуық кітап шығарған «Qasym баспа үйінің» еңбегін ерекше атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы