Бала құқықтары мен кибербуллинг: Павлодарда отбасылар ерекше сайысқа түсті

Павлодарлық оқушылар мен ата-аналар заң мен тәртіп тақырыбында зияткерлік сайысқа қатысты. Бес кезеңнен тұратын бәсекеде үздік шыққан кімдер?

4 Қараша 2026, 19:08
АВТОР
 4 Қараша 2026, 19:08
4 Қараша 2026, 19:08
178

М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Заң және тәртіп» жалпыұлттық идеологемасын жүзеге асыру аясында «Құқықтық отбасы» атты отбасылық зияткерлік «Брейн-ринг» ойыны өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру және отбасындағы өзара сыйластық пен ынтымақтастық құндылықтарын нығайту.

Зияткерлік сайысқа Павлодар қаласының мектептерінің отбасылық командалары қатысты. Әр команда ата-аналар мен оқушылардан құралды. Қатысушылар бес кезең бойынша бақ сынап, құқықтық білімдерін, жылдам ойлау қабілеттері мен бірлесіп шешім қабылдау дағдыларын көрсетті.

Ойын барысында балалар мен ата-аналар бала құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, қоғамдық тәртіп, интернет қауіпсіздігі, кибербуллинг және цифрлық алаяқтық тақырыптарындағы сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдаяттарды талдап, күрделі мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Әсіресе интернеттегі бопсалау, дропперлік, есірткі айналымына тарту, мектептегі буллинг және балалар арасындағы жанжалдарға қатысты кейстер қатысушылардың ерекше назарын аударды. Отбасылық командалар әр жағдайды бірлесе талқылап, заң аясындағы дұрыс әрекет алгоритмдерін анықтады.

Сайыстың әділ бағасын Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Мадина Джумадиева, Павлодар қаласы Полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сүлейменов және «Заң және тәртіп» идеологиясының амбассадоры Жәмилә Бұламбаева берді.

Ойын қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды №2 және №7 жалпы орта білім беру мектебінің «Білгір» командасы иеленді. Екінші орынды №25, №35 мектептің «Сұңқар» командасы иеленсе, үшінші орынды Ж.Ташенов атындағы мектеп пен № 48 мектептің «Зерде» командасы иеленді. 

«Құқықтық отбасы» зияткерлік ойыны заңға құрмет пен жауапкершілік отбасындағы тәрбиеден басталатынын тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені құқықтық мәдениеті қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу – ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті.

Наверх