Бала 24,5 млрд теңге тұратын картинаны зақымдады

29 Сәуір 2025, 14:05
571
Бөлісу:
Бала 24,5 млрд теңге тұратын картинаны зақымдады
Фото: Aad Hoogendoorn/Museum Boijmans Van Beuningen

Роттердамдағы Бойманс – ван Бёнингена музейінде америкалық суретші Марк Ротконың құны 50 миллион еуро, яғни 24 500 000 000 (24,5 миллиард) теңге тұратын "Сұр, қызғылт сары және қоңыр, №8" атты картинасын кішкентай бала зақымдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Зақым келген сәтте қауіпсіздік қызметі болмаған.

Музей өкілдерінің айтуынша, картинаға төменгі жағынан кішкентай сызаттар түскен, бірақ бұл зақым беткі қабатта ғана. Қазір голландиялық және шетелдік реставраторлармен бірлесіп, картинаны қалпына келтіру жолдары қарастырылып жатыр. Музей болашақта бұл картинаны қайта көрсетуге үміттенеді.

Мамандар Ротко қолданған күрделі материалдар мен бояулар, сондай-ақ лакпен жабылмағаны үшін мұндай туындылардың зақымдануға аса сезімтал екенін айтады. Тіпті шағын сызаттардың өзі көркемдік қабылдауға айтарлықтай әсер етеді.

Музей картинаны сақтайтын ашық қоймада (Депо) көрермен назарына ұсынған. Бұл инцидент мұндай ашық экспозициялардың қаншалықты қауіпсіз екенін қайта қарастыруға себеп болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін де Ротконың картиналары зақымдалған болатын. 2012 жылы Лондонда "Қою қызыл түстегі қара" атты туынды әдейі бүлдіріліп, бұзушы 2 жылға сотталған. Қалпына келтіру жұмыстары 18 айға созылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай өнер туындылары әдетте сақтандырылған және зақымдану жағдайында шығынды арнайы сарапшы бағалап, шешім қабылдайды. Алайда бұл жағдайда зақым үшін кім жауап беретіні әзірге белгісіз.

Өзгелердің жаңалығы