Бакудегі Әзербайжан ұлттық тарих музейінде Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы мен Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасына арналған «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылды. Көрмені Қазақстанның «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әзірледі.
Жоба Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Көрме Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет министрліктері және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Экспозицияға XII ғасырдан сақталған түпнұсқа терракота тақташалары, XIV ғасырдағы жылтыр қаптама үлгілері, майолика және мозаика бұйымдары қойылды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі куфи жазулары мен араб каллиграфиясына арналған фотоматериалдар ұсынылды.
Көрменің негізгі бөлігін кесененің екі макеті құрайды. Оның бірі ғимараттың ішкі құрылымы мен бөлмелерінің орналасуын көрсетсе, екіншісі кесененің толық сәулеттік келбетін бейнелейді.
Арнайы бөлімде Қожа Ахмет Ясауидің рухани және зияткерлік мұрасы таныстырылған. Мұнда қолжазбалар, тарихи деректер, «Насабнама» шежіресі және Ясауи ілімін жалғастырған ізбасарларының еңбектері қойылған.
Іс-шара барысында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы мен Әзербайжан ұлттық тарих музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат мәдени мұраны сақтау және зерттеу, мамандар алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-мәдени жобаларды жүзеге асыруды көздейді.
Көрме Қазақстан мен Әзербайжан музейлері арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Түркістанның тарихи мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.