Eскі көлікті тапсырып, жаңасына жеңілдік алу: Алматыдағы бағдарлама туралы не белгілі?

Ескі көлікті өткізіп, жаңасын жеңілдікпен алуға болады.

 ©BAQ.KZ коллажы 29 Қыркүйек 2026, 16:38
29 Қыркүйек 2026, 16:38
366
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы әзірленуде. Болжам бойынша, иелері ескі көлігін өткізіп, басқа автокөлік сатып алуға арналған жеңілдік сертификатын ала алады. Алайда қатысу шарттары, сертификат мөлшері және көліктерді іріктеу өлшемшарттары әлі де пысықталуда. BAQ.KZ  қандай көліктер бағдарламаға ілінуі мүмкін екенін, олар үшін қанша ұсынылуы ықтимал екенін және бұл бастаманың автонарықтағы бағаға әсері қандай болатынын анықтады.

Бағдарлама қашан жұмыс істей бастайды?

«Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (ӘПК) мәліметінше, жоба қазір дайындық сатысында тұр.

«Оны жүзеге асыру тетігі әзірленуде. Оның аясында қатысудың негізгі шарттары, көліктерді қабылдау және бағалау тәртібі, жеңілдік сертификаттарының мөлшері, қаржыландыру көлемдері және басқа да параметрлер анықталатын болады. Жобаны әрі қарай іске асыру тиісті тетік бекітіліп, Алматы қаласы мәслихатының шешімі қабылданғаннан кейін жүзеге асырылады», – деп хабарлады ӘПК.

Іске қосылу мерзімі әзірге белгісіз. ӘПК өкілдері бағдарламаның әлі әрекет етпейтінін, халықтан көліктерді сатып алу да, кәдеге жарату да жүргізіліп жатпағанын атап өтті.

Ақша қайдан алынады?

Жоба халықтан көлік сатып алу үшін бюджеттен тікелей қаражат бөлуді қарастырмайды.

«Қаржыландыру көлемі мен оның көздері бағдарламаны жүзеге асыру тетігі әзірленіп, бекітілгеннен кейін және тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін анықталады», – деп атап өтті корпорацияда.

Корпорация бұл бағдарламаның басты нәтижесін ең алдымен экологиямен байланыстырады. Ол Алматының автопаркін жаңартуға және экологиялық класы төмен көліктер санын қысқартуға көмектеседі деп күтілуде.

«Бұл шараларды іске асыру атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар көлемін азайтуға және сайып келгенде, қаладағы ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп қосты ӘПК.

Қандай көліктер ескі деп танылуы мүмкін?

Басты сұрақтардың бірі – қандай көліктер бағдарламаға іліне алады. Ресми өлшемшарттар әлі анықталған жоқ.

Автомотор нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарянның пікірінше, бұл жерде ең алдымен 20 жылдан асқан көліктер туралы сөз болуы мүмкін.

«Негізінен – 20+ жыл. Және кез келген басқалары, мысалы, апатты жағдайдағылар», – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай бағдарламалардың мақсаты – ең алдымен өмірлік циклі аяқталуға жақындаған немесе мүлде қолданылмайтын, бірақ өтімсіздігіне байланысты иелерінің қолында қалып қойған көліктерді пайдаланудан шығару.

«Яғни, мұндай бағдарламаның нарық жағдайына әсері туралы айту орынсыз болар еді. Өйткені бағдарлама елдегі автопарктен іс жүзінде нарықтан тыс қалған көліктерді босатуға бағытталған», – дейді ол.

Машиналар қымбаттай ма?

Автокөлік иелерінде туындауы мүмкін сұрақтардың бірі – ескі көліктерді сатып алу қолжетімді көліктердің ұсынысын азайтып, қайталама нарықтың төменгі сегментінде бағаның өсуіне әкеп соқтырмай ма?

Артур Мискарян мұндай сценарийдің ықтималдығы аз деп есептейді.

«Қосалқы бөлшектер мен қолданыстағы көліктер нарығы – бұл жылына шамамен 1-1,2 миллион мәміле. Мәмілелердің көп бөлігі бағасы 5-12 миллион теңге болатын көліктер сегментіне шоғырланған. Мұндай көліктер сөз болып отырған бағдарламаның назарынан тыс қалғаны анық», – деді сарапшы.

Ескі көлік үшін қанша беруі керек?

Автокөлік иелері үшін басты шарттардың бірі – жеңілдік сертификатының мөлшері. ӘПК-те оның номиналды құны әлі аталмай отыр. Оның сомасы бағдарлама тетігі әзірленген кезде анықталады.

Мискарянның айтуынша, сертификаттың мөлшері шынымен де шешім қабылдауда маңызды факторға айналуы мүмкін.

«Алайда оның мөлшері бағдарламаны қаржыландыру көлемдері мен кестесіне тікелей байланысты. Бірақ кез келген жағдайда техника иесі көлікті ұсынылған шарттармен өткізу немесе оны өз бетінше сатуға тырысу туралы шешімді өзі қабылдайды. Нарық шынайылығы мен өткізуге ұсынылып отырған техниканың ықтимал жағдайын ескерсек, өз бетінше сату ұзақ жылдарға созылуы мүмкін», – деді ол.

Сертификат жаңа көлікке ауысуға көмектесе бастай ма?

Тағы бір сұрақ – ескі көлік иесінің құны айтарлықтай жоғары жаңа көлікті сертификат көмегімен сатып алуы қаншалықты шынайы?

Артур Мискарян көлікті ауыстыру нарықтағы қалыпты үдеріс екенін атап өтті.

«Әдетте, көлікті 3-5 жыл пайдаланғаннан кейін ол жаңа әрі қымбатырақ көлікке ауыстырылады. Алайда бұл қайсыбір бағдарламаның әрекетіне қарамастан жүреді. Сертификат алу мүмкіндігі, мысалы, гаражында немесе туыстарының ауласында далада тұрған ескі, өтімсіз көлігі бар және бастапқы баға сегментіндегі жаңа көлік сатып алуды жоспарлап жүргендер үшін демеу бола алады», – деп атап өтті Мискарян.

Жаңа көліктердің бағасы өсе ме?

Сарапшы бағдарлама жаңа көліктер нарығына айтарлықтай әсер етеді деп ойламайды.

«Бүгінде Қазақстандағы жаңа көліктер нарығы – бұл айына шамамен 18 мың автомобиль. Нарықтың осындай ауқымында бағдарламаның нарық жағдайына айтарлықтай ықпал ету ықтималдығы – нөлге жуық. Бірақ мұндай бағдарламаның нарыққа қандай да бір жолмен әсер ету мақсаты жоқ екенін ескеру маңызды. Бұл, сайып келгенде, экологиялық және әлеуметтік жоба», – деп түсіндірді сарапшы.

Бағдарлама Алматы шеңберінен тыс шығуы мүмкін бе?

Әзірге жоба тек Алматы үшін ғана әзірленуде. Бағдарламаның басқа өңірлерге таратылатыны туралы ресми хабарланған жоқ.

Наверх