BAGYT – талапкерге бағыт сілтейді

17 Қараша 2022, 17:43
1465
Бөлісу:
BAGYT – талапкерге бағыт сілтейді

Қазақстан студенттер альянсы екі жылдан бері жастарға кәсіптік бағыт-бағдар беруге, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыруға бағытталған жобаны іске асырып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жобаны Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қолдап отыр.

Жобаның мақсаты жастарға болашақ кәсіптік қызмет саласын таңдау процесінде кәсіптік бағдар беру бойынша қолдау көрсету, жастар арасында еңбекке саналы көзқарасты дамыту, өз мүмкіндіктеріне, қабілеттеріне сәйкес және еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, қызмет саласын таңдау еркіндігі жағдайында кәсіби өзін-өзі дамытуға көмек көрсету - дейді жоба жетекшілері.

Биылғы жылы жоба аясында еліміздің 20 өңірінде 26 мыңнан астам мектеп оқушысына «Диплом немесе дағды. Мамандық пен оқу орнын таңдауда қалай қателеспеу керек?», «Мамандық таңдаудағы сыни ойлау» тақырыптарына мастер-класс, тренингтер және мектеп психологтарымен, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне оқушымен жұмыс, бағыт беру, ҰБТ мен экзамендер уақытында қолдау көрсету, жұмыс саласын таңдауға көмектесу тақырыптарында арнайы дәрістер өткізілді. Спикер ретінде халықаралық дәрежеде сертификатталған арнайы мамандар, профориентолог пен психологтар жұмылдырылып отыр.

Сонымен қатар, жобаның жаңа жетістігі ретінде жастарға арналған арнайы тегін мобильді қосымша әзірленіп, 50-ден астам университетке видео шолу жасалды. Мобильді қосымшаның ішінде мемлекеттік және жекелеген ұйымдар мен азаматтардың гранттары, стипендиялары, мамандықтар туралы ақпарат, ЖОО мен колледждер тізімі, бос жұмыс орындары мен мемлекеттік бағдарламалар, дағдыларды анықтайтын тестілеу және т.б. мүмкіндіктер бар. Мобильді қосымша жақын арада App Store мен Play Market-тен жүктеуге қол жетімді болады және IOS пен Android платформалы ұялы телефондарына орнатуға болады.

Тағы бір, айта кететін жайт, республика бойынша мектеп оқушылары мен колледж білім алушыларына 60-қа жуық экскурсиялар ұйымдастырылды. 

Оқушылар зауыттарға, кен орындарына, полиция, Өрт сөндіру департаменттері және университеттердің оқу корпустары мен коворкингтерге, зертханалар мен кітапханаларға, спорт кешендеріне барды.

Өзгелердің жаңалығы