Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дегенмен, еліміз бойынша 500 елді мекенде әлі толыққанды интернет жоқ, деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Apta.kz» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қазақстан бойынша 6500-ге жуық елді мекен бар. 5300-інде интернет түрлі технологиямен қамтылған, ал, 500-інде әлі толыққанды интернет жоқ. Мұндай елді мекендерді екі жыл ішінде жоғары технологияларды пайдалана отырып, толыққанды интернетпен қамтимыз. Бұл - бірінші. Екінші, 5300 ауылға интернет жеткізу үшін 2020 жылы 900-ге жуық елді мекенде базалық стансалар орнатып, 1200 ауылды жерлерге оптика жеткіздік, бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Ал 6500-дің 1200-інде оптикалық интернет жоқ, қазір соның ішінен 250-дей болашағы бар деген елді мекенді таңдап, операторлармен қайтадан инвестициялық жоба құрамыз, ал қалған 1000 елді мекенге интернет болады деген уәде бере алмаймыз, - деді ол.
Оның айтуынша, ауылды жерлерге интернет тарту оңай жұмыс емес. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар 2016 жылдан бері алға басуда.
Тіпті, АҚШ-та да мұндай проблема бар. Жұрт бізде ғана осындай мәселе бар деп ойлайды, мұндай мәселелер кез келген әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Шағын ғана елді мекенге интернет тарту үшін техника жіберу, оптикалық талшықты сымдарды сол жерге сатып алу, оны тарту сияқты өзге де қиыншылықтар бар. Қазір біздің ел халықаралық рейтингте интернет бағасы бойынша 29-шы орында тұр. Осы арқылы біздің бұл бағыттағы жағдайымыз жоғарылап келе жатқанын байқауға болады, - деді министр.