Бағдат Мусин АҚШ-қа кетті

30 Мамыр 2024, 11:29
2127
Бөлісу:
Бағдат Мусин АҚШ-қа кетті
Фото: Instagram/bagdatmussin

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі экс-министрі Бағдат Мусин отбасымен АҚШ-та жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мусин бұл жаңалығын Instagram-дағы парақшасында жазды.

АҚШ-та жүргеніме бірнеше күн болды. Мұнда келуіме бірнеше себеп бар. Әрине, кәсіби мәселелерді отбасылық мәселелермен біріктіруге тырысамын. Бұл жолы шағын топ болып келдік, - деді ол.

Сөзінше, Бағдат Мусин шетелде жұбайы Дина, кенже қызы Бірғаным үшеуі жүр.

Ол АҚШ-та немен айналысатыны туралы жоспарымен бөлісті.

Біріншіден, кез келген кәсіби маман ретінде технологиялық дамудың алдыңғы қатарында болу мен үшін де маңызды. Сол себепті осы күндері Bay Area-да өтетін іс-шараларға қатысамын. Сондай-ақ біз қызымызға оның жасөспірім өміріндегі қызықты оқиғалардың бірінде қолдау көрсетіп келдік. Кенже қызымыз мектебімен робототехника жарыстарына қатысады. Сәттілік тілеп қояйық. Дәстүр бойынша Digital Nomads-пен (біздің аймақтың Bay area-да орналасқан IT мамандарымен) кездесіп, түрлі әлеуметтік бастамаларды талқылаймыз. Кездесу біз құрған Silkroad инновациялық хабының қабырғасында өтеді, - деді экс-министр.

Бағдат Мусин еліміздің Спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы болғандықтан, биыл қыркүйекте Астанада зияткерлік спорттан (спорттық бағдарламалау) Әлем чемпионатының финалын өткізуге қатысты бірнеше ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге баратынын айтты. Ол үшін Мусин ICPC басшысы Билл Поучермен және оның командасымен кездеспек.

Үлкен қызым Аруға өмірінің жаңа кезеңін бастауға көмектесу үшін бірнеше оқу орындарын аралаймын. Сондай-ақ басқа елдерде цифрландырудың негізін қалыптастыру мәселесін талқылау үшін әртүрлі университеттердің профессорларымен кездесулер өткізуді жоспарлап отырмын. Өйткені Қазақстанның тәжірибесін одан әрі тарату қажет. АҚШ университеттері бұған қызығушылық танытады деп ойлаймын, - деген жоспарын айтты Мусин.

Сондай-ақ ол түрлі қорлармен, компаниялармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Сөзінше, Мусиннің жоспары көп, барлығын орындауға тырысады.

Өзгелердің жаңалығы