Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесті

26 Наурыз 2019, 22:50
1933
Бөлісу:
Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесіп, көрсетілетін әлеуметтік көмек жайлы айтып берді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Әкім көпбалалы аналармен № 55 мектепте кездесті. Сондай-ақ, кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Абишев, ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қатысты.

Бақыт Сұлтановтың хабарлауынша, елордада 10 095 көпбалалы отбасы тұрады. Олардың 4 688-і –  «Алтын Алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, 3458 адам немесе 684 отбасы – аз қамтылғандар. 25 719 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 5316-ы – мүгедектігі бар балалар. Қазіргі күні әкімдік тұрғындарды кешенді әлеуметтік қолдау қызметтері мен шараларының кешенін әзірледі, онда 13 әлеуметтік іс топтастырылған. Сонымен қатар, әкімдік 2 мыңнан астам отбасының коммуналдық төлемін төлеуді арттыруды, мүгедек жанды күтетін жанға қоғамдық көлікте тегін жүру қарастырылған, күтімді қажет ететін балаларға берілетін көмекті 25 мыңға дейін арттыру көзделген (6,5 АЕК-тен 10 АЕК дейін).

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тегін техникалық және кәсіптік білім беру ұсынылады.

«Қолдауды одан әрі де жалғастырамыз. Ол үшін біз бюджетті оңтайландырамыз да үнемделген қаражатты әлеуметтік салаға жұмсаймыз. Осыған байланысты қалалық бюджеттен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға 3,2 млрд. теңге бөлінген. Қосымша 8 әлеуметтік көмек қарастырылады. Нақтырақ айтқанда, көпбалалы отбасыдан шыққан оқушыларға, студенттерге қоғамдық көлікте тегін жүру қарастырылған. Көпбалалы отбасыдан шыққан 1-11 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Осыған 971 млн теңге қарастырылған, ол қатарға 32 мың бала кіріп отыр», – деді әкім. 

Одан бөлек, осы балалар тегін мектеп формасымен және оқуға қажет керек-жарақпен қамтамасыз етіледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақшалардан тегін орын беріледі.

Сонымен қатар, көпбалалы отбасыдан шыққан 180 балаға қаламыздағы ЖОО-на арнайы гранттар беріледі.

 «Көпбалалы аналарға стоматологиялық қызметтер (санациялау, протездеу) тегін ұсынылатын болады. Бюджетті қарастырған соң көпбалалы отбасылар қатты отын алатындар категориясына кіргізілетін болады», – деді Бақыт Сұлтанов.


Өзгелердің жаңалығы