Бүгін Италияда бірқатар өндіріс орындары жұмысын бастады

4 Мамыр 2020, 10:25
1211
Бөлісу:
Бүгін Италияда бірқатар өндіріс орындары жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше бұл елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша ең төмен көрсеткіш байқалды.

Италияда кеше қатаң карантиннің соңғы күні болды. Оқшаулану шараларын тұтас алып тастамағанымен, бүгіннен бастап өндіріс орындары мен құрылыс аймақтары жұмысын бастады. Жексенбі күні Италияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша ең төмен көрсеткіш байқалды. Бір күнде 1389 адам ауырып, оның 174-і қайтыс болды. Бұл сенбі күнгі деңгейге қарағанда, үш есе аз көрсеткіш.

Ал COVID инфекциясын жұқтырып, қаза болғандар саны жағынан Италиядан қалыспай келе жатқан Ұлыбританияда саясаткерлер мен дәрігерлердің айтуынша, эпидемияның шарықтау шегі өткен. Алайда, ел шектеу шараларын алып тастау мәселесін енді қарастырып жатыр.

Францияда оқшаулану шаралары әлі де күшінде. Бірақ далада жүрген тұрғындар саны күн санап артуда. 11 мамырда тоқтайды деп жоспарланған карантин мерзімі елдің әр өңірінде әрқалай алынуы мүмкін. Ел билігі карантинді бір мезгілде алынбайтынын, әр аймақтағы жағдайға байланысты алынатынын мәлімдеді.

Германияда тұңғыш рет жексенбілік шіркеу қызметіне рұқсат берілді. Алайда, келушілер маска тағып келуі керек және ән айтуға рұқсат жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, ән айту вирус жұқтыру қаупін арттырады. Сондай-ақ адамдар арасында арақашықтық та қатаң сақталуда. 800 адам сиятын Кельн соборына бұл жолы тек 120 адамға ғана орын жетті.
Өзгелердің жаңалығы