Азия қаламгерлері үндеу жариялады

6 Қыркүйек 2019, 22:06
2478
Бөлісу:
Азия қаламгерлері үндеу жариялады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада үш күнге жалғасқан Азия елдері қаламгерлерінің І форумының қорытындысында қаламгерлер үндеу жариялады.

Шара соңында форумға қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтіп, форум меймандарына арналған гала концертті тамашалады. Сонымен қатар, естелік сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.

Азия қаламгерлерінің I-ші Форумы қатысушыларының

ҮНДЕУІ

Біз Қазақстанның Азия қаламгерлерінің бұрын-соңды болмаған бірегей Форумын Нұр-Сұлтан қаласында өткізу туралы бастамасын қолдаймыз.

Күрмеуі көп күрделі әлемімізде мұндай мазмұндағы диалог алаңының құрылуы рухани ғана емес, прагматикалық тұрғыда да маңызы зор бастама деп санаймыз.

Алып Азияның орасан зор мәдени мұрасы адамзат өркениетінің мыңжылдықтар бойы алтын бастауларының бірі болып келді. Жазу өнерінің де Шығыста тууы ұлы әдеби дәстүрлердің қалыптасуына негіз болды.

Азияның жаңа дәуірдегі бейнесін айшықтап тұрған сол ұлы әдеби дәстүрлер ғана емес, заманауи мәдени ағымдар мен бағыттардың да Азия құрлығында өніп, өріс алуы болып отыр. Сондықтан да дәстүр мен жаңашылдықтың біртұтас телқоңыр құбылысқа айналуы – Азияның осы замандағы мәдени кеңістігінің ажырамас бөлігі.

Азия қаламгерлерінің диалогы аймақтық емес, ауқымды, жаһандық сипатқа ие. Осы диалогтың нәтижесінде XXI ғасырдағы әлемнің толғақты мәселелеріне тура қарауға мүмкіндік беретін тұғыр пайда болады деп ойлаймыз.

Форумның маңыздылығын ескере отырып, үш жылда бір мәрте дәстүрлі түрде Азия елдерінде өткізіп тұруды ұсынамыз. 

Осы негізде, Халықаралық Әдеби сыйлық («Үлкен Азия») тағайындау – Азия халықтары әдебиетінің шығармашылық үдерісіне серпіліс беріп, жаңа қанат серпіні болары анық. 

Азия елдері әдеби қауымдастықтары мен бірлестіктерінің байланысын нығайтып, алтын көпір орнату үшін Азия елдері қаламгерлерінің Халықаралық қауымдастығын құру қажет деп санаймыз.

Азия елдерінің классикалық және заманауи әдеби туындыларының ақ сандығына айналар ортақ электронды кітапхана жасаудың да уақыты келіп жетті, бұл кітапхана кең байтақ Азияның көп ғасырлық рухани мұрасына, білім-ғылымы мен іс-тәжірибесіне дүниенің кез келген түкпірінен қол жеткізуге мүмкіндік береді деп білеміз.

Қазақ елінің астанасында өткен Тұңғыш форум - құрлық қаламгерлерінің қызықты пікірталасы, емен-жарық әңгімесі, ұлы гуманистік құндылықтарға қатар ұмтылуымен біздің жадымызда қалады.

Нұр-Сұлтан қаласы, 4 қыркүйек, 2019 жыл


Өзгелердің жаңалығы