Азаматтардың үйге деп жинаған ақшасы қалай қорғалады

20 Мамыр 2025, 17:38
512
Бөлісу:
 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Сенатта "Тұрғын үй құрылысына қатысу және құрылыс саласын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжат тұрғын үй құрылыс жинақ банктеріндегі салымдарды қорғауға бағытталған бірқатар маңызды норманы қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабында айтылған.

Атап айтқанда, заң жобасында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы пәтер алуға ниетті азаматтардың жинақтары кепіл ретінде қойылған жағдайда, банк шоттарындағы қаражаттың өндіріп алынуын шектеу көзделген, - делінген жауапта.

Яғни бұл дегеніміз - егер азамат пәтер алу үшін банкке ақша жинап, сол ақшасын кепілге қойған болса, онда бұл жинақты банк немесе басқа органдар тартып ала алмайды.

Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасы келесі мақсаттарды көздейді:

  • "Отбасы банк" салымшыларының жинақтарын толықтырып отыруына және уақытылы тұрғын үй займына өтуіне мүмкіндік беру;
  • Нотариустардың атқарушылық жазбаларын пайдалану, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының арест салу және қаражат тәркілеу әрекеттерін шектеу;
  • Банктер мен төлем жүйелеріне қатысты заңдарға қажетті өзгерістер енгізу.

Сонымен қатар "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңда кепілге қойылған жинақ шоттарындағы қаражатты банктік қарыз шарты бойынша төлем талап ету арқылы өндіріп алуға тыйым салатын түзету көзделіп отыр.

Тиісті өзгерістер Қазақстанның Азаматтық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы", "Банктер және банк қызметі туралы" заңдарына енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы