Азаматтардың арыз-шағымы «е-Өтінім» жүйесі арқылы қаралатын болады – Бағдат Мусин

18 Маусым 2021, 19:00
2908
Бөлісу:
Азаматтардың арыз-шағымы «е-Өтінім» жүйесі арқылы қаралатын болады – Бағдат Мусин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің facebook-парақшасында Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сай Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірге мемлекеттік мекеме қызметшілеріне биыл 1 шілдеден бастап енгізілетін ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің негізгі нормаларын түсіндіргенін жазды. 

Семинарды өткізуге Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің өкілдері де атсалысқан.

Министрдің хабарлауынша, жаңа кодекс бойынша мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершілік ұлғайып, «мемқызметші кінәсінің презумпциясы» деген түсінік енгізіледі.
Азаматтардың арыз-шағымы біз жасап жатқан «е-Өтінім» ақпараттық жүйесі арқылы қаралатын болады. Сол арқылы өтініміңіздің «өмір кезеңін» қадағалап, мемқызметшілердің жұмысын бақылай аласыз. Бұл – бірегей ақпараттық жүйе, оның баламасын еш жерден таба алмайсыз. Алдағы уақытта осы жүйенің арқасында әр аймақ, тіпті әр аудан бойынша халықтың әлеуметтік көңіл-күйін анықтай аламыз. Осындай кодекс ТМД-ның бірнеше елінде – Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузияда бар. Мәселен, Әзірбайжанда осы кодекс енгізілгеннен бері талас-тартыстардың 84 пайызы қарапайым азаматтардың пайдасына шешіле бастаған, ал оған дейін бұл көрсеткіш біршама төмен болған екен, - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ ол жаңа кодекс, «е-Өтінім» ақпараттық жүйесі халық пен мемлекеттік органдар арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беретінін, ал бұл, өз кезегінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы