"Қалтадағы ХҚО": азаматтар смартфон арқылы қызмет ала алады

12 Желтоқсан 2019, 17:34
2329
Бөлісу:
"Қалтадағы ХҚО": азаматтар смартфон арқылы қызмет ала алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасында бетпе-бет байланысты болдырмайтын цифрлық технологиялар мемлекеттік қызмет көрсету саласының ашықтығын қамтамасыз етеді. 

Мәселен, үйден шықпай-ақ, туу туралы куәлікке тапсырыс беруге, баланы балабақша кезегіне қоюға және бала туу мен күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік бар. 

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева мәлімдеді. 

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыру аясында азаматтың қатысуынсыз қызмет көрсетуді көздейтін проактивті принцип жүзеге асырылды. Мысалы, 2017 жылдан бастап бала тууына қатысты пилоттық жоба іске қосылды, бұл үйден шықпай-ақ, туу туралы куәлікке тапсырыс беруге, баланы балабақша кезегіне қоюға және бала туу мен күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Мемлекеттің азаматпен өзара қарым-қатынасы автоматты түрде СМС арқылы жүзеге асырылады", – деді Балташева.

Бүгінгі күні проактив форматында 109 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Мобильдік азаматтар базасында 7,6 млн астам азамат тіркелген, egovkzbot2.0 телеграм-ботын 654 мыңнан астам азамат жүктесе, ал Egov mobile қосымшасын 300 мыңнан астам қазақстандық смартфонына көшіріп үлгерді.

Бұл – мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауға мүмкіндік беретін, қызметтерді алу ыңғайлылығын қамтамасыз ететін, екі тараптың байланысын ашық қылатын құрал. Қазір біз "қалтадағы ХҚО" тұжырымдамасын насихаттап келеміз. Ол үшін фронт-офистерде мобильді тіркеу секторлары жұмыс істейді, онда халықты мобильді азаматтар базасына тіркейміз. Сонымен қатар egov mobile қосымшасы мен әлеуметтік желілердегі Chat-боттарды пайдалану бойынша көмек көрсетіледі, азаматтарға смартфон арқылы қызмет алу үйретіледі, – дейді Мемлекеттік корпорацияның төрайымы.

Айта кетейік, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы  барлық мемлекеттік қызметтердің 89%-ын көрсетеді. Қазақстан бойынша 348 фронт-офис жұмыс істейді. Биылғы жылдың 11 айында 26 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген екен.

Өзгелердің жаңалығы