Азаматтар сайлаушылар тізіміндегі деректерде жіберілген қателіктерге шағымдануға құқылы

29 Желтоқсан 2020, 16:10
1862
Бөлісу:
Азаматтар сайлаушылар тізіміндегі деректерде жіберілген қателіктерге шағымдануға құқылы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОСК отырысында «Электрондық үкімет» порталында 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауында азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін іске асыру туралы мәселе қаралды.

Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндап берді.

Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегені, дұрыс енгізілмегені немесе тізімнен шығарылғаны туралы, сондай-ақ тізімдегі сайлаушы туралы деректерде жіберілген дәлсіздіктер туралы шағымдануға құқылы. Осы жылдың 26 желтоқсанынан бастап азаматтарға тиісті сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысуға, сондай-ақ оларға енгізілген сайлаушылар туралы деректердің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік берілді, - деді ОСК мүшесі.

Оның айтуынша, азаматты нақты сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оны осы сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркеу қажет. 

2019 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан Республикасында мекенжай анықтамасын ұсыну жөніндегі мемлекеттік қызметтің күшін жойғанын ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «электрондық үкімет» порталында азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін іске асыру мәселесін пысықтады. Осылайша 4 071 сайлау учаскесінде сайлау комиссияларының мүшелеріне Е-gov порталы арқылы азаматтарды тіркеу орны туралы ақпаратқа қол жеткізу ұйымдастырылады, - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ сайлаушылар тізімінде азамат анықталмаған жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі азаматтың жазбаша өтініші негізінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтерді онлайн сервис арқылы тексеруді қамтамасыз етеді.

Онлайн-сервис парақшасында өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесі шекарасының аумағында тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде, учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскесінің шекараларында тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталмаған жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылар тізіміне енгізуден бас тарту туралы дәлелді шешім қабылдайды және өтініш берушіге оның көшірмесін береді, - деп айтты Константин Петров.

Отырыста Ортсайлауком мүшелері ОСК бірлескен қаулысы мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «электрондық үкімет» порталында азаматтардың тіркелген жері бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін іске асыру туралы» бұйрығын қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы