Қазақстандағы тұрғын үй нарығының көрсеткіштері қандай?

17 Маусым 2019, 20:36
2457
Бөлісу:
Қазақстандағы тұрғын үй нарығының көрсеткіштері қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүліктің нарықтағы бағасы өсе береді. Бұл туралы strategy2050.kz сайты хабарлайды.

Мамыр айында Қазақстанның көптеген қалаларында тұрғын үй бағасының өсуі байқалды. Оң динамика (2% -дан жоғары) тек Талдықорғанда байқалды. Баға индексі шаршы метріне 178 025 теңгені құрады (+ 2,1%). Төменде әр қаладағы баға индексі салыстырылып, пәтердің қай кезеңде арзандап я түсуі байқалатындығын, бұл нарық бойынша алдағы айларға сарапшылардың болжамы берілген.

Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда шаршы метрдің құны өткен жылғы IV тоқсанға қарағанда орташа есеппен 2,2% жоғары болды. Жалпы алғанда еліміздің 14 өңірінде оң динамика байқалады. Наурыз айында ең тұрақты баға Елордаға тиесілі болды.

Нұр-Сұлтан қаласының тоқсан сайынғы көрсеткіші 2018 жылдың 4-ші тоқсанына (+ 0,05%) барынша жақын. Алматыда ол 3,4% -ға өсті. Мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында пәтердің бір шаршы метрін сатушылар орта есеппен 330 950 теңгеге бағалаған, бұл бір ай бұрынғыдан 1,4%-ға артық. Елордадағы динамика жиі өзгергеніне қарамастан (бұл нарық құрылымына байланысты) жалпы жағдай тұрақты. Соңғы бес айдағы орташа баға шаршы метріне 330 130 теңге, ең төменгі мәндер 326-327 мың теңге деңгейінде.

Бағаның ең шарықтаған кезі – 2017 жылдың қыркүйегінің соңғы аптасы болған екен. Ол кезде элит класс санатындағы пәтерлердің шаршы метріне орташа бағасы 504 мың теңгеге дейін көтерілген. Бірер айдан кейін түсіпті. Ал бизнес класс санатындағы үйлердің 2017 жылдың бірінші мамырында шаршы метріне орташа баға – 312 500 теңге болса, 2018 жылдың мамырында – 340 мың теңге болған. Комфорт класс санатындағы үйлердің орташа бағасы бір қалыпта. 2017 жылы мамырда шаршы метрінің орташа құны 280 мыңға бағаланса, өткен жылы да сол шамада. 2017 жылы 17 қазанда 260 мыңға дейін арзандаған. Ал эконом класс санатындағы пәтерлердің арзандағанын байқауға болады. 2017-нің мамыр айында олардың шаршы метріне орта есеппен 246 мың теңге сұраса, 2018 жылғы сұраныс – 231 500 теңгеге түскен.

Пәтер нарығындағы сарапшылар жыл сайын пәтердің бағасы қыркүйек айына қарай 10-15 пайызға міндетті түрде қымбаттайтынын айтады. Сондықтан пәтер алу ойыңызда болса, қаңтар мен наурыз айлары аралығына жоспарлаған дұрыс. Осы кезде пәтер бағасы түседі.

Енді әр өңірдегі баға индексін сәуір және мамыр айымен салыстырсақ.

Павлодарда пәтердің орташа бағасы алдыңғы айға қарағанда krisha.kz сайтының мәліметінше, 1,7% -ға өсіп, бір шаршы метріне 179,250 теңгеге шығып тағы бір рекордты жаңартты. Бұл қалада айтарлықтай оң динамика байқалған жоқ, бірақ, баға тұрақтылығы екі жыл бойы сақталды

Мамыр айында Тараз қаласындағы тұрғын үйдің бағасы шаршы метріне 157,600 теңгеге бағаланған, бұл қалада да баға 1,5%-ға өсті.

Баға көрсеткіші Өскеменде де 1,4%-ға жоғарылағанын көрсетті. Ағымдағы орташа баға – шаршы метріне 187 250 теңгені құрады, бұл дедолларизациядан кейінгі барлық кезең бойынша байқалған жоғары көрсеткіш. Естеріңізге сала кетейік, бағаның өсуі өткен жылдың күзінде болды, соңында құнның көтерілуі 12 пайызға дейін жеткен.

Семейде баға 1,1% -ға өсті және шаршы метріне 169 950 теңгені құрады. Алайда, бұл қаладағы тұрғын үй нарығына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Өйткені бұл көрсеткіш – жыл басындағы көрсеткішпен бірдей.

Шымкентте оң динамика сақталған. Мамыр айында оңтүстіктегі мегаполистің көрсеткіші 0,8%-бен шектелді. Сонымен, Шымкентте шаршы метріне орташа баға - 229 575 теңге.

Көкшетауда өсім 0,8% -ды құрайды. Бір шаршы метріне бағаның орташа көрсеткіші - 198 475 теңге.

Ақтау және Қызылордада динамика 0,7 және 0,5%-ды құрайды. Сәйкесінше бұл қалаларда пәтер сатушылар шаршы метріне 199 675 және 136 375 теңгеден сұраған.

Аймақтардағы жағдай тұрақты. Ақтөбе және Орал қалаларында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ - индекс 0,3 және 0,06%-ды көрсетті. Сәйкесінше бұл облыстардағы баға 148,225 және 184,900 теңгеден болды.

Төмен баға – Қазақстанның бес қаласында байқалды. Төмен көрсеткіштердің көшін Атырау қаласы бастап тұр (-1,6%). Қазіргі уақытта шаршы метрдің орташа құны 258 525 теңгені құрайды, бұл өңір шамамен 2019 жылдың басында дәл осындай көрсеткіш көрсеткен.

Қарағандыда көрсеткіш 0,7% -ға қысқарып, бір шаршы метрге 204,350 теңгеге дейін төмендеді. Тұрғын үй нарығындағы бұл құлдырау айтарлықтай өсуден кейін болды. Сондықтан қазіргі уақытта бағалар жыл басындағы деңгейге сәйкес келеді.

Қазақстанның оңтүстік шығысындағы мегаполис Алматыда да шамалы теріс үрдіс байқалады. Мамырда баға индексі бір шаршы метрге 378 100 теңгеден болды, бұл сәуір айымен салыстырғанда 0,5% -ға аз.

Баға төмендеуі байқалған қалалардың арасында Қостанай және Петропавл қалалары да бар. Мұнда баға 0,1 және 0,4%-ға төмендеген. Түрғын үй сатушылары шаршы метріне шамамен 198,400 және 206,425 теңгеден сұраған.

Жалпы, Қазақстан бойынша мамыр айында тұрғын-үй нарығындағы баға шамамен 0,4%-ға өсті. Сарапшылардың айтуынша, алдағы айларда бұл нарықтағы баға айтарлықтай өспейді я төмендемейді де.

Өзгелердің жаңалығы