Қазақстан полициясы: Мақсат пен мүдде

23 Маусым 2020, 15:00
8291
Бөлісу:
Қазақстан полициясы: Мақсат пен мүдде
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. 1992 жылғы 23 маусымда "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы" Заң қабылданды. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. 2007 жылы 5 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен 23 маусымды "Полиция күні" деп бекітті. Осы уақыттан бастап бұл күн мерекеленіп келеді.

Қазақстан полициясы күні - жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні. Олай болса, ішкі істер саласында ерен еңбек етіп, ел қорғаны болып жүрген полицейлердің оқиғасын ұсынуды жөн көрдік.

Жаңаөмір Жамалов, Ішкі істер қызметінің полковнигі:

ЖАНА ОМ.jpeg

Ішкі істер органында 40 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан. 1960 жылдары органдағы қызметін қатардағы милициядан (сол кезде) бастаған. 1997 жылы зейнетке шығады. Зейнеткер атанғанына 23 жыл толды. Әлі де Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Жаңаөмір Кенжебайұлы ішкі істер органындағы 40 жылы мен зейнеттегі 23 жылы туралы қысқаша айтып берді.

Ақмола облысы Ішкі істер басқармасында жұмыс істедім. Кейін "үздік қызметкер" атанып, Мәскеуге оқуға жіберді. Онда КСРО ІІМ Мәскеу жоғары милиция мектебіне кіші лейтенант болып барып, 4 жылдан кейін аға лейтенант болып келдім. Жолдамамен Ақмола облысының Атбасар ауданына жұмысқа тұрдым. Кейін Торғай облысы ашылғанда Арқалықтағы жаңа басқармаға жіберді. Облыстың бірқатар ауданында басқарма қызметінде жұмыс істедім. 83-жылдары әкемнің денсаулығына байланысты Ақмолаға қайта оралуға шешім қабылдадым. Шортанды ауданы Полиция басқармасының бастығы болып қызмет еттім. Кейін Степногор қаласындағы ЕЦ 166/18 қатаң режимдегі колония бастығы лауазымынан зейнетке шықтым, - дейді Жаңаөмір Жамалов.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік жылдары жағдай өзгерді. Дағдарысты да бастан кешіргенін айтады.

Зейнетке 1997 жылы шыққан соң елордаға қайта көшіп бардым. Еңбегім үшін төрт бөлмелі пәтер берілді. Зейнетке шыққан соң да, ішкі істер органына қызмет етуді жалғастырдым. Республикалық мемлекеттік кәсіпорын жетекшісі болып келісімшартпен 3,5 жұмыс істедім. ІІМ-нің "Алатау" спорт кешенін салуға мұрындық болдық. Ғимаратты салуға арналған материалдары бар 149 жүк вагоны менің қарамағымнан өтті. Кейін әкімдікте Алматы ауданы бойынша ПИК төрағасы болып10 жылдай қызмет еттім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан елорданың 10 жылдығына арналған мерекелік медальға ие болдым. 2007 жылы ҚР Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайландым, - деді ол.

Жаңаөмір Кенжебайұлы 2011 жылы Мәскеудегі жазаны орындау федералдық қызметі ардагерлерінің жалпыресейлік қоғамдық ұйымының конференциясына шақырту алады.

Айта кетейік, конференцияға Ресейдің 85 өңірінен 105 делегат қатысады. Ал қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) ардагерлерінің саны 120 мыңнан асып жығылады. Ж.Жамалов Ардагерлер кеңесінің жұмысы жөнінде айтып береді. Сондай-ақ, ол Ресей мен Қазақстан ҚАЖ-дары Ардагерлер кеңесінің достық қарым-қатынасы одан әрі арта беретіндігіне сенім білдірді.

"Бақытты адаммын"

Жұбайым екеуміз 5 баланы тәрбиелеп өсірдік. Үш ұлым, екі қызым бар. Қазір 15 немере мен 3 шөберенің қызығын көріп отырмын. Құрметті атамын. Немерелерім де отбасын құрып жатыр. Шөбере сүйдік, - деді ол.

Ардагердің айтуынша, кеңес жеке құрамның бір күндік жалақысы есебінен "өмір" сүріп келеді.
Біз зейнеткерлерге көмек көрсетіп тұрамыз. Департамент басшылары үлкенге құрмет көрсетуді біледі. Барлығымыз бірігіп, бір бағытты ұстанған соң, дұрыс жұмыс істеп отырмыз. Ардагерлерді мерекелерде құттықтауды естен шығармай, органда жұмыс істеп кеткен ардагерлерге құрметті аямай көрсетеміз. Бұл жерде ұрпақтың сабақтастығын да айта кеткен жоқ. Органда жұмыс істейтін жас ізбасарларға кеңес беріп, бағыт көрсететін кездеріміз де болады. Ешқандай ардагерді назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, - дейді ол.
Жамалов Тәуелсіздіктен кейін мемлекетіміздің құқық қорғау жүйесі бірқатар өзгеріске ұшырағанын айтады.
Мәселен, милиция полиция болып өзгерді. Қазақстан полициясы 30 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың құқығы мен қауіпсіздігін сақтау ұстанымын бұлжытпай орындап келеді. Мереке күні ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне, олардың отбасыларына мықты денсаулық, ашық аспан тілеймін. Мемлекетіміздің дамуына қосқан зор еңбектері табысты болса екен деймін. Қазіргі пандемия жағдайында жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің еңбегі ерен, ауқымды. Міндетін атқару үстінде қаза тапқандар қаншама. Олардың отбасыларына мардымды көмек көрсетілуі керек деп ойлаймын, - деді Жамалов.

Жаңаөмір Кенжебайұлы өз жұмысына деген ыстық ықыласы әлі де басылмағанын айтты. 

Мен зейнетте болсам да, жұмысымды жақсы көремін. Қызметкерлер өзінің жұмысын сүйіп, шын ниетімен, қасық қаны қалғанша жұмыс істеуі керек. Маған барлығы "қалай 81-ге келдіңіз, құпияңызбен бөлісіңіз" дейді. Мен сол кезде Отаныңа адал болып, қол астыңдағы адамға қамқор болу керек деймін. Адамдарға жақсылық жасау керек. Бұл қандай қызметте жүргеніңе қатысты емес. Ол әркез қайтып келеді, - деді ол.
Сергей Саулов, Әділет подполковнигі:

саулов.jpeg

Сергей Саулов балалық шақтан бастап погон тағып, Отан игілігі үшін қызмет етемін деп шешкен.

2000 жылы Петропавл механикалық техникумын механик мамандығы бойынша тәмамдадым. 2000 жылдан 2003 жылға дейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде көлік-құрылыс факультетінің "Автомобиль және автомобиль шаруашылығы" кафедрасында оқып, онда әскери кафедрада "запастағы лейтенант" әскери атағы беріліп, БМП-да мотоатқыш взводы командирі әскери мамандығын алдым. Солтүстік Қазақстан университетін бітіргеннен кейін СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінде интендант және шаруашылық қамтамасыз ету бөлімінің аға инженері лауазымынан өз қызметімді бастадым. 2004 жылы Солтүстік Қазақстан заң академиясына сырттай оқуға түсіп, университетте сырттай оқу бөлімін бітіріп, құқықтану бакалавры мамандығын алдым, - дейді ол.
Қызметке адал қарағаны үшін екі жылдан кейін Сергей Сауловты СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындайды.
Сотталғандардың іскерлік белсенділігін ынталандыру мақсатында оларға тұрақты түрде өнімдердің жаңа түрлерінің нарығын зерделеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта ЕС-164/3 мекемесінде сотталғандар жылыжайда көкөністер мен көк шөп өсіреді, сондай-ақ, құм блоктар дайындаумен, жұмсақ жиһаз құрастырумен, омартаға арналған құрал-жабдықтармен айналысады. Күн сайын сотталғандар жұмысқа орналасқан мекемелердің барлық нысандарын аралап, оларға көмек көрсетеміз, - дейді ол.

Саттар Отыншиев, Полиция басқармасы бастығының кадр және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

саула1.jpeg

Ішкі істер саласында 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан полиция подполковнигі әрбір қызметкердің білімі мен біліктілігін жеке-жеке бағалайтынын айтады.

Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Сондықтан бұл қызметке тек мықтылар ғана, халыққа көмектесіп, қорған болам деген азаматтар ғана орналаса алады. Өзім 1970 жылы Қазығұрт ауданы Рабат ауылында дүниеге келдім. Отбасында 13 ағайындының ең кенжесімін. Жастайымнан полиция қызметкері болуды армандадым. Сол жолда білім алдым. Сарыағаштағы техникумда, кейіннен Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-да "заңгер" мамандығын меңгердім. Ал еңбек жолым еліміз тәуелсіздік алған жылдары басталды. Алғашында патрульдік полицияда қызмет еттім. Кейіннен мемлекеттік Тергеу комитетінде, облыстық Көші-қон басқармасында абыройлы қызмет атқардым. Сарыағаш аудандық полиция басқарамасы бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы, Мақтаарал аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары лауазымдарында да халыққа қызмет еттім, - деді ол.
Оның айтуынша, 2018 жылы Келес ауданы қайта құрылған тұста Келес аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады.

Жағымды имидж қалыптастыру

Полиция қызметкері жан-жақты болуы керек. Білімі жоғары, спортты меңгерген, сыпайы, ілтипатты, ең бастысы, халықпен тіл табыса алуы шарт. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді, – дейді полиция подполковнигі.

Саттар Әуезұлы жұбайы Жанармен үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Ұлы да әке жолын қуып, ішкі істер саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Ал қыздары - банк саласының белді қызметкерлері.

Жасыратыны жоқ, полицияға деген қоғамда теріс көзқарас бар. "Дөрекі сөйлеседі, тыңдамайды" деп сын айтушылар көп. Ал олар заң бұзған өзінің кінәсін айтпайды. Бұл көзқарастан арылатын кез келді. Полиция – елдің қорғаны. Полиция әрдайым халықпен бірген, – дейді ол.

Шуақ Балғабекұлы, кинолог маман:

шуак.jpeg

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мекемесінің бақылаушы – кинолог маманы Шуақ Балғабекұлы 10 жылға жуық уақыттан бері кинолог болып жұмыс істейді. Бала күнінен итті жақсы көретін ол әскер қатарында кинология бөліміне қабылданып, содан бері адамның сенімді серігін жаттықтырып, тәрбиелеп келеді.

Итпен жақсы байланыс орнату керек. Сол кезде ол да саған сенетін болады және қиындықта ешқашан тастамайды. Оның мінезін, нені жақсы көреді, нені ұнатпайды, соның бәрін нақты білуің керек. Жалпы, үйрету барысында итті ұруға болмайды. Ол да кез келген қиын сәттерде өз иесінен көмек күтеді. Ол сөйлей алмағанмен, бірақ тілін түсінген адамға іс-қимылымен білдіреді. Жеті қазынаның бірі саналатын үй жануарын өзіңе бағындыру, айтқаныңды бұлжытпай орындату оңай емес. Олардың мінезі адам баласыныкіндей холерик, сангвиник, флегматик және меланхолик болып төртке бөлінеді. Дәл сол секілді мінезіне қарап, қай иттің қай салада жұмыс істеуге болатынын анықтауға болады. Өз басым әскер қатарында қызмет еткен жылдары итті үйретудің барлық қыр-сырын, айласын үйрендім. Итті өз баласындай жақсы көретін мамандардан білім алдым. Сол себепті, мен үшін кинология - өмірім десем, артық айтпаймын, – дейді Шуақ Балтабайұлы.
Маманның айтуынша, кинолог болу үшін бойыңыздан алдымен дәл осы мамандыққа деген қызығушылық, ептілік және жауапкершілік табылса жеткілікті. 

Бейбіт күннің батырлары

Бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып та саналады.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері 2264 полиция қызметкері қаза тапса, соның 787-і қызметтік борышын өтеу кезінінде, 83-і қауіпті қылмыскерді ұстау операциясы барысында ерлікпен жан қиды. Сондай-ақ 3512 полиция қызметкері жарақат алды. Соның ішінде 899-ы қылмыскерді ұстау барысында ауыр жараланды.

Бейбіт күнде полиция қызметкерлері ел азаматтарын қауіп-қатерден қорғаймын деп өздері қаза тауып жатқан оқиғалар аз емес. Мәселен, биыл наурыз айында Атырау қаласында патрульдік экипаж құрамында жүрген полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден Жайық өзеніне секірген қыз жайлы хабарлама алған бойда ойланбастан мұзды суға қойып кетеді. Сөйтіп, қыздың өмірін ажалдан арашалап қалған еді. Алайда өзі қатты ағынның ішінде арпалысып жүріп көз жұмды.

Шалқар Ақымғалиев қаза тапқаннан кейін Президент Жарлығымен ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

шалкар.jpeg

Шалқармен бірге суға кеткен әйелді құтқарған Рүстембек Сүндетов те Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Ал өткен жылдың қазан айында Ақмола облысының Біржан сал ауданында полиция капитандары Мәди Бейсембаев пен Азамат Қазыбаев қызметтік міндеттерін атқарып жүріп, өртке оранып жатқан үйді көреді. Сол бойда өрт сөндіру бригадасына хабар беріп, өздері жанып жатқан үйдің ішіне кіріп, өртпен арпалысып жүріп үйдегі адамдарды құтқарып қалады. Олар кіргенде үй иелерінің бірі ес-түссіз құлап жатқан.

2018 жылдың ақпан айында Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында да полиция сержанты Сұлтан Қуанышев жеке тұрғын секторындағы өрт кезінде бірнеше адамның өміріне араша болды. Өрт ішінен алып шыққан адамдарға кәсіби тұрғыдан сауатты көмек көрсетуі нәтижесінде адам қазасы болған жоқ.

Сондай-ақ полицейлер қызмет атқару барысында суицид оқиғаларының да алдын алады. Биыл ақпан айында Түркістан облысының полиция сержанттары Е. Бердібеков пен Т. Бейсенбаев көпірден секіргелі жатқан әйел адамды құтқарып қалды. Мұндай жағдайлар өзге облыстарда да көптеп тіркелгенін атап өткен жөн.

 Полиция қызметкерлері жоғалған балаларды табуда да іздеу жұмыстарын табандылықпен жүргізіп, қаншама тағдырға араша болып жатыр. Әріге бармай-ақ осы жылдың 4 мамырындағы оқиғаны айтуға болады. Алматы қаласында 3 жастағы бала жоғалғаны туралы хабар түскен бойда іздеуге кіріскен полиция қызметкерлері "Қайрат" елді мекенінің жанынан суыққа тоңып қалған баланы тауып, оған дер кезінде көмек көрсетті.

Өрттен құтқару, судан құтқару сияқты оқиғалар, айта берсек, өте көп. Тек өткен жылдың өзінде 12 өрттен, 7 судан құтқару оқиғасы тіркелді.

Алматыда Көксай шағын ауданындағы блок бекетте жол-көлік оқиғасында 2 полицей көз жұмды. 

екеу.jpeg

Қасым-Жомарт Тоқаев блокпосттағы апат кезінде көз жұмған екі полиция қызметкерін, Жарас Жанғазиевті ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, Дастан Абдықановты ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады.

екеу1.jpeg

Айта кету керек, өрттен, судан құтқару, қауіпті қылмыскерді ұстау және басқа да қиын жағдайларда полиция қызметкерлері өз өмірлерін қауіп-қатерге тікті. Бұл фактілер полиция қызметінің қаншалықты қауіпті екенін айғақтайды.

Мереке құтты болсын, Қазақстан Республикасына қызмет етушілер!

 

Өзгелердің жаңалығы