Қазақстан мен Ресейдегі жанар-жағармай бағасын салыстыруға болмайды - сенатор

12 Ақпан 2019, 18:19
1922
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресейдегі жанар-жағармай бағасын салыстыруға болмайды - сенатор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Қазақстан мен Ресейдегі жанар-жағармайдың бағасын салыстыруға болмайтынын айтты.


ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында елімізде жанар-жағармай бағасы Ресеймен салыстырғанда арзан екенін айтты.

«Есептеулер бойынша, елімізде Ресей Федерациясымен салыстырғанда бензин мен дизель отынының бағасы арзандау. Мысалы, Қазақстанда АИ-92 бензинінің литрі 153 теңге болса, Ресейде 240 теңге шамасында», - деді Ақшолақов.

Өз кезегінде, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Қазақстандағы бензин құнын Ресейдегі бағаға жеткізуге болмайтынын атап өтті.
 
«Ресей мен Қазақстандағы жанар-жағармайдың бағасын салыстыру мүлдем қате болар еді. Себебі, Ресей Федерациясындағы еңбекақы мөлшері бізге қарағанда жоғары, зейнетақы деңгейі де жоғарылау. Осы орайда Ресейдегі бензин бағасына еліктеу немесе сол бағаға жеткізуге талпыну әлеуметтік салада мәселе тудыруы мүмкін», - деді Сәрсенбай Еңсегенов комитет отырысында.

 Бұған дейін елімізде ресейлік бензинге қашан тыйым салынатынын хабарлаған болатынбыз.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы