Елімізде ресейлік бензинге қашан тыйым салынатыны белгілі болды

12 Ақпан 2019, 17:15
2512
Бөлісу:
Елімізде ресейлік бензинге қашан тыйым салынатыны белгілі болды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов елімізде ресейлік бензинге қашан уақытша тыйым салынатынын айтты.


Вице-министр Сенат кулуарында берген сұхбатында дизель отынын сыртқа шығаруға және Ресей Федерациясынан елімізге бензин әкелуге тыйым осы аптада салынатынын айтты.

Сондай-ақ ол дизель отынын елден шығаруға үш ай мерзімге тыйым салынатынын жеткізді.

«Қазір елімізде Аи-92 маркалы бензин біршама көп өндіріледі. Бізде 350 мың тоннадан астам бензин қоймаларда сақтаулы. Бұған қоса, биыл біздің осы көлемнен артық - 500 мың тонна бензин өндіру мүмкіндігіміз бар», - деді Ақшолақов Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында.

Болат Ақшолақов елімізде дизель отыны жеткілікті болса да, оның қорын жасақтауға аса зор мән беріліп отырғанын айтты. Бұған себеп  - көктемгі дала жұмыстарының жақындап қалуы.

Бүгін Комитет отырысында сәйкес заң жобасы қаралып, ол палатаның қарауына жіберілді.

Сенатор Михаил Бортник кулуарда берген сұхбатында Аи-92 маркалы бензин, мазут пен елімізде көп өндірілетін бірқатар өнім түрлерін Ресейден әкелуге тыйым салынады деп толықтырды.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы