Қазақша үйренушілердің тілді меңгеру деңгейі қалай бағаланады

14 Сәуір 2020, 19:15
2682
Бөлісу:
Қазақша үйренушілердің тілді меңгеру деңгейі қалай бағаланады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің #ONLAIN-da bol жобасы аясында қолға алған "Мемлекеттік тілді жетілдіру" тақырыбында онлайн курстары өтіп жатыр.

Курсты Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен "Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" ұйымдастырып отыр. Тілдік курс өңірлік тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, әдіскерлері, оқытушылары, магистранттар мен докторанттарына арналған. Онлайн курстар 18 сәуірге дейін жалғасады.

Екінші күнгі курстың мазмұны – азаматтардың мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ-ке арналды. ҚАЗТЕСТ жүйесі – қазақ тілін қажетті көлемде меңгермеген, тілді үйреніп жүрген азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың тетігі болып белгіленген. Бұл туралы 2018 жылы 11 қыркүйекте ҚР Үкіметінің "ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту" тұжырымдамасы №835 қаулысымен бекітілген болатын. Сол жылдардан бері TOEFL, IELTS жүйелерінің отандық аналогы дамып, жетілдіріліп келеді. Түрлі әлеуметтік топтарда байқау сынақтарынан өткізілді. Ғылыми жұмыс топтары шетелдік тәжірибелер принциптеріне сәйкес тапсырмалар сапасын жетілдіріп келеді – дейді ұйымдастырушылар.

Жыл сайын белгілі бір салаға ҚАЗТЕСТ-ті енгізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп, айталық жұмысқа тұру барысында, іріктеу барысында қолдануға енгізіліп отырды. "Болашақ" халықаралық стипендиясы үміткерлерін іріктеу барысында міндетті бір кезең ретінде белгіленді, яғни қазақ тілін білмейтін жас үміткерлер шет елдерге оқуға бара алмайды.

Тіл меңгеру деңгейін бағалау үдерісін зерттеу барысында қазақ тілін меңгеру деңгейлерінің талаптары тұңғыш рет ұлттық стандарттар ретінде бекітіліп, қолданысқа енді. ҚАЗТЕСТ тапсыру үшін дайындық құралдарын әзірлеу барысында қазақ тілін бес деңгей бойынша оқыту кешені қалыптастырылды. Бұл да қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемелерінің бірден-бір негізгі өзегі болды. Қазіргі таңда барлық әдіскерлер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар әзірлеушілер осы аталған ҚАЗТЕСТ стандарттары мен оқу-әдістемелік кешендеріне негіздеп жасайды және осы арқылы қазақ тілін ересектерге оқыту әдістемелері стандартталып, бір жүйеге түсті.

Ендігі кезек мемлекеттік қызметшілердің қызметке кірісу барысы мен атестаттау барысында қазақ тілін қажетті көлемде меңгергендігін растайтын осы ҚАЗТЕСТ сертификаттарын қолданысқа енгізу. Сонда осы қоғамда қайта-қайта көтеріліп жүрген "алдымен сол басқарушы мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлеуі керек" деген уәждердің шешімі осы болмақ. Басқаша оның тетігі жоқ.

Екінші күнгі онлайн курста Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторларына қол жеткізудің тетігі ҚАЗТЕСТ жүйесінің дамуы туралы болады.

Еске сала кетейік, "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 30 наурыз бен 10 сәуір аралығында өңірлік тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, оқытушылары, магистранттар мен докторанттарға арналған "Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі" тақырыбында 10 күндік онлайн курстар өткізді. Екінші кезеңдегі онлайн курстар "Мемлекеттік тілді жетілдіру" тақырыбында 13 сәуір күні қазақ терминдерін қалыптастыру мәселелері тақырыбынан басталды.

Өзгелердің жаңалығы