- Мұқаба
- Жаңалықтар
- «Айыппұлды еселеп арттыру қажет»: Бектенов жол ережесін қасақана бұзатындарға шара қолдануды тапсырды
«Айыппұлды еселеп арттыру қажет»: Бектенов жол ережесін қасақана бұзатындарға шара қолдануды тапсырды
22 Қыркүйек 2026, 12:25
Премьер-министр Олжас Бектенов жол ережелерін қасақана бұзатын жүргізушілерге айыппұл төлеу кезінде жеңілдік бермеуді және бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыруды ұсынды. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, елімізде іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Премьер-министр биыл жол-көлік оқиғалары, қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны азайғанын айтты. Дегенмен елдегі жол апаттарының деңгейі әлі де жоғары.
Жаңа Конституцияда Заң мен Тәртіп қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жол қауіпсіздігі Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Адамның өмірі мен денсаулығы жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетіне тікелей байланысты, – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық нормалар қабылданып, ереже бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Самокаттар мен скутерлерді пайдалану, жүргізушілерді даярлау және жасырын патрульдеу тәртібі ретке келтірілді. Қазір еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті 30 мыңнан астам камера қадағалайды.
Соған қарамастан, қоғамдық көлік жолағымен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығатын және жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілер бар.
Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жалпы, жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуге тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне балдық жүйені енгізуді тапсырды.
Ішкі істер министрлігі көптеген елдерде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуға тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту, – деді ол.
Бектенов жол қауіпсіздігін күшейту үшін алты бағыт бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Бірінші кезекте елді мекендерден тыс трассалардың жағдайына тоқталды. Оның сөзінше, жан түршігерлік апаттардың басым бөлігі осы жолдарда болады. Автожолдардың көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған, екі жолақты және ені шамамен жеті метрді құрайды.
Жүргізушілер сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына және навигация мәселелеріне шағымданады. Бұл жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу, уақтылы жөнделмейді, – деді Премьер-министр.
Осыған байланысты Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Жолдарды салу мен жөндеу кезінде стандарттардың сақталуына бақылау күшейтілуге тиіс.
Сондай-ақ негізгі автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау желісін және визуалды бағдар беретін лазерлік жүйелерді орнату ауқымын кеңейту қажет. Ішкі істер министрлігі қауіпті учаскелерді патрульдеуді арттырып, жауапты органдар техникалардың, жабдықтар мен жылыту пункттерінің қысқа дайындығын қамтамасыз етуі керек. Жасанды интеллект министрлігіне трассаларды мобильді байланыспен қамту жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Үкімет басшысы жолда жануарларды қағып кету мәселесін де көтерді. Жыл басынан бері осындай 200-ден астам жағдай тіркелген.
Әкімдіктерге жол маңында мал жаю мәселесі бойынша мал иелерімен жұмысты күшейтуді тапсырамын. Көлік және Ішкі істер министрліктері Павлодар облысының жол бойында қоршау торларын орнату тәжірибесін қолдану мүмкіндігін қарастыруы қажет, – деді ол.
Екінші бағыт елді мекендердегі жол қауіпсіздігіне қатысты. Премьер-министр кейбір апаттарға жүргізушілердің ұялы телефон пайдалануы себеп болатынын атап өтті.
Жолдардағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуға тиіс. Жалпы, Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық камералардың жұмысын тексеріп шыққаны жөн, – деді Бектенов.
Сонымен қатар ол жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілерге қатысты жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін айтты. Әкімдіктерге реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде бейнетіркеу жүйелерін орнату ауқымын кеңейту тапсырылды. Әсіресе білім беру ұйымдарының маңында кері санау таблосы бар заманауи бағдаршамдар орнатылуға тиіс.
Үшінші бағыт бойынша көлік жүргізуді жаңадан бастаған азаматтарды даярлау сапасына назар аударылды.
Ішкі істер министрлігіне көлік жүргізушілерін даярлау сапасын арттыру мақсатында оқу ұйымдарының қызметін реттеу және үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Бұзушылықтар анықталған жағдайда міндетін адал атқармаған автомектептерді жалпы тізілімнен шығару қажет. Бұл бағыт бойынша министрліктің тиісті өкілеттіктері бар, – деді Үкімет басшысы.
Төртінші бағыт – жолаушылар тасымалы. Бектенов Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін жолаушы тасымалдайтын жеке компаниялардың платформаларымен интеграциялау жұмыстарын аяқтау қажеттігін айтты.
Такси агрегаторлары жұмысқа тек тәжірибелі және жауапкершілігі жоғары адамдарды алуы керек. Жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережелерін жиі бұзған адамдар такси саласында жұмысқа қабылданбауға тиіс, – деді ол.
Премьер-министр жолаушы тасымалдайтын көліктердің техникалық жағдайын ескеріп, такси жүргізушілерінің белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуіне жол бермеу керектігін атап өтті. Көлік министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірге жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау, ал Ішкі істер министрлігіне заңсыз тасымалдаушыларды анықтау жұмыстарын тұрақты жүргізу тапсырылды.
Бесінші бағыт бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жолдардағы апаттық жағдайларды ескере отырып, кейбір медициналық-құтқару бекеттерінің орналасқан жерлерін қайта қарауға тиіс.
Алтыншы бағыт аясында Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге әр өңірдегі жол-көлік оқиғаларына тұрақты талдау жүргізу тапсырылды.
Жергілікті жағдайларды ескере отырып, көлік апаттары көп орын алатын учаскелерде жол қозғалысына қадағалауды күшейтіп, қажетті шаралар қабылдаған жөн, – деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов түнде қатты шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мотоцикл және автокөлік жүргізушілеріне қатаң шара қолдануды тапсырды.
Ең оқылған:
- Қазақстандық мал өсірушілер Қырғызстаннан 1 миллион доллар тұратын қошқар сатып алды
- Кәмелетке толмағандар да тартылған: Астанада екі апалы-сіңлілі притон ұйымдастырған
- Есікті бұзып кірген: Қарағандыда ірі көлемде ақша ұрлаған үш күдікті ұсталды
- Қырағы машинист теміржол бойында жалғыз жүрген 4 жасар баланы құтқарып қалды
- Көлігін тастай салып, тұра қашты: Полиция хромтаулық жүргізушіні ұстады
Олжас АДАЙ