Аймақтық университеттер сол өңірдің ерекшелігіне қарай кадр дайындауы керек – Махметғали Сарыбеков

16 Ақпан 2023, 09:32
1046
Бөлісу:
Аймақтық университеттер сол өңірдің ерекшелігіне қарай кадр дайындауы керек – Махметғали Сарыбеков
Фото: ztgzt.kz

Білім беру жүйесінде 40 жылдан астам тәжірибесі бар, соңғы екі жылда Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы болған профессор Махметғали Сарыбековтен өңірдегі кадр даярлау ісіне қатысты пікірін сұрады, деп айтады  BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, экс-министр экономика секторлары үшін бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудағы өңірлік университеттің рөліне қатысты өзінің кейбір ұсыныстарымен де бөлісті.

Бүгінгі таңда өңірлік университеттің алдында бірқатар стратегиялық міндеттер тұр. Олар - аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары кәсіби мамандарды даярлау; халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық экономика мен әлеуметтік салаға енгізілген ғылыми зерттеулерді жүргізу; облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асыру. Осыдан кейін үштұтас мақсат қалыптасады: университет аймақ үшін ғылым, кадрлар даярлау және әлеуметтік-мәдени даму орталығына айналуы тиіс, - деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Оның пайымынша, қазіргі уақытта билік органдары мен аймақтық жоғары оқу орындарының басшылығы арасындағы қарым-қатынастар жеткілікті түрде заңдық тұрғыдан байланыспаған. Әрі экономикалық тұрғыдан бір-біріне аз тәуелді, Ал, бұл ЖОО-ның ғылыми, білім беру және мәдени әлеуетін барынша пайдалануда тежеуші фактор болып қала береді. Басқаша айтқанда, аймақтық ЖОО заңды түрде жауапты емес және бюджетке де, облыс әкімшілігіне де есеп бермейді.

Осындай жағдайда өңірлік ЖОО-ның рөлін одан әрі арттыру және оның беделін күшейту үшін оған аймақтық жоғары оқу орнының ресми мәртебесін беру қажет, ол заңмен бекітілуі керек. Мұндай университеттердің міндеттері мен критерийлері аймақтардың ерекшеліктеріне байланысты сараланып, олардың аймақтағы білім беру және ғылыми қызметті дамытудағы көшбасшылық және үйлестіруші рөлін қамтамасыз етуге бағытталған болуы қажет, - деп түсіндірді профессор.

Бүгінде елімізде үш жоғары оқу орны «аймақтық» деп аталады: А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті. Дегенмен, ғалым бұл атаулардың артында ештеңе жоқ екенін алға тартты. Сондықтан Ғылым және жоғары білім мен облыс әкімдіктері арасында жасалған меморандумдарда, сондай-ақ аумақтарды дамыту бағдарламаларында аймақтық университеттің рөлін нақты анықтау қажет.

М.Сарыбеков «Ааймақтық университет инновациялық өсу нүктесі бола ала ма?» деген сауалға да жауап берді. Оның пікіріне қарағанда, бұл, ең алдымен ЖОО-дағы білім сапасын қамтамасыз етумен анықталады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізіп отырған жоғары білімді жаңғырту саясаты өңірлік ЖОО-ны бейіндік етуді қарастырады. Демек, әрбір жоғары оқу орны бүгінде өңірдің ерекшеліктері мен экономика салаларына нақты кадрларға деген қажеттілікті ескере отырып, өз мамандықтарының тізімін ретке келтіруі тиіс. Өйткені, бір оқу орнында заңгер, экономист, оқытушы, технолог, бағдарламашыларды ойдағыдай дайындау мүмкін емес. Университет үшін білім беру қызметтері нарығында өз орнын табу өте маңызды, - деп атап өтті экс-министр.

Яғни, «Мамандығым — менің болашағым» жобасы аясында өңірлік жоғары оқу орындары әкімдіктермен және жергілікті корпоративтік сектормен тығыз байланыста болады. Ең бастысы, кадр даярлау жүйесін облыстың экономикалық саясатымен үндестіру қажет.

Ол соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындары әлемдік және ұлттық деңгейдегі түрлі рейтингтерге белсенді түрде қатысып жатқанын жеткізді. Бұл ЖОО-ларға өз ұстанымдарын анықтауға, білім беру қызметінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалауға, университеттің сапалы жұмысына ықпал етуге, ең бастысы, студенттерді көбірек тартуға және жұмыс берушілер үшін тартымдылық аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Рейтингтер оларды жүзеге асырудың әдіснамалық және әдістемелік тәсілдерімен, сондай-ақ қолданылатын критерийлер бойынша ерекшеленеді. Мысал ретінде мыналарды айтар едім: тәуелсіз аккредиттеу мен рейтинг агенттігі университеттерді дарынды студенттердің, оқытушылардың және зерттеушілердің шоғырлануы; студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы; бітірушілерді жұмысқа орналастыру; университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара әрекеттестік деңгейі; ғылыми басылымдардың бәсекеге қабілеттілігі. Ал Білім беру сапасын қамтамасыз етудің тәуелсіз қазақстандық агенттігі академиялық статистикалық көрсеткіштерді талдау, сараптамалық бағалау және жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізу негізінде Ұлттық рейтингті жасайды.Рейтинг жүргізген кезде, біздің ойымызша, ұлттық және аймақтық жоғары оқу орындары үшін бірдей критерийлер мен көрсеткіштерді қолдану мүлде дұрыс емес, - деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Оның сөзінше, университеттің аймақтық процестерге қатысуын бағалау үшін нақты көрсеткіштерді ескеру қажет. Бұл орайда, әлеуметтік-экономикалық тақырыпқа қатысты аймақтық тақырыптағы ғылыми басылымдар саяси, әлеуметтік-мәдени процестерді қаузасын. Нақты өндірісте жүзеге асырылатын және облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру да маңызды. Университетте аймақтың әртүрлі қауымдастықтарымен өзара әрекеттесу алаңдарының болуына назар аударған жөн. Облыстың саяси, экономикалық, азаматтық элитасының құрылымында негізгі орындарды иеленген ЖОО түлектерінің саны да белгілі бір рөл ойнайды. Мұндай көрсеткіштер аймақтық ЖОО қызметіне жан-жақты баға беруге мүмкіндік береді.

Өкінішке орай, өңірлік жоғары оқу орындарында ғылыми жобалардың көпшілігі эксперименттік режимде жүзеге асырылып, нақты өндіріске енгізілмеген. Бұл зерттеулерді коммерцияландыруға, біріншіден, заңнаманың жетілдірілмегендігі, екіншіден, қаржыландырудың жетіспеушілігі кедергі келтіруде. Осыған байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижелерін нарыққа шығару механизмін реттеу, сондай-ақ қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізу үшін нормативтік құқықтық актілер қажет. Сонда ғана аймақтарда ғылымда бизнеске қажеттілік туындап, білімді қажет ететін экономика дамиды. Бұл мәселелер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленетін «Ғылыми-техникалық саясат туралы» жаңа заң жобасында өз шешімін табады деп ойлаймыз», - деді профессор.

Ол жоғары оқу орындарының жетекші қызметі өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру болып саналатынын да еске салды. Айта кету керек, бүгінгі күні оның тұжырымдамасы өзгеруде: жастар тек шектеуші және тежеу ​​шараларын қажет ететін проблемалық сала емес, инвестиция саласы ретінде қарастырылады. «Бәрі жастар үшін» тезисі «жастармен бірге» тезисіне ауысады. Жастардың еңбекке және қоғамдық өмірге толыққанды қатысуы үшін жағдай жасау басты басымдық болуы тиіс. Яғни, өңірлік әлеуметтік жұмыспен қамту бағдарламалары мен жаңа жастар саясатын байланыстыру қажет.

Жастардың стратификация үрдісінің жүріп жатқанын ескеру керек. Қалаға жастар ауылдан келеді. Олардың кейбіреулері бейімделіп, қала өміріне араласады, ал екінші бөлігі бейімделу проблемаларына тап болып, әртүрлі діни уағыздаушылар мен қылмыстық құрылымдардың оңай олжасына айналады. Сондықтан ауыл жастарын бейімдеудің мазмұнды бағдарламасы жаңа жастар саясатының құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл – университеттік білім сапасын қамтамасыз ететін өңірлік университет қызметінің негізгі бағыттары. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» дегенде, «Қуатты өңірлік университеттер – қуатты өңірлер – қуатты ел» деп қосқым келеді», - Махметғали сарыбеков.

Өзгелердің жаңалығы