Аймағамбетов: Қызметімде бұрынғыдай әділдік принциптерін ұстанамын

29 Наурыз 2023, 15:01
915
Бөлісу:
Аймағамбетов: Қызметімде бұрынғыдай әділдік принциптерін ұстанамын
Фото: inbusiness.kz

Бүгін жаңа құрамдағы Мәжілістің алғашқы жалпы отырысында ант беріп, депутат ретінде қызметіне кіріскен Асхат Аймағамбетов алда атқаратын жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Экс-министрдің сөзінше, Парламент – заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы. Бұл ретте Үкіметтің құзыретіне жататын мәселелерді ажырату маңызды. 

Үкіметтің бұрынғы мүшесі ретінде маған бұл мәселелер өте жақсы таныс, әрі түсінікті. Біздің негізгі жұмысымыз өзекті мәселелерді шешу үшін заңнамалық нормаларды қабылдауға, оның жүзеге  асырылуын бақылауға бағытталған, - деді ол.

Сондай-ақ Аймағамбетов депутаттық қызметінде келесі мәселелер міндетті түрде қолға алынатынын айтты.

Медицина қызметкерлерінің мәртебесін бекіту, оның ішінде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және медицина қызметкерлерін қорлағаны үшін жауапкершілікке тартуды, еліміздің медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды, еңбегі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін заңды жетілдіру мәселелерін қарастыру қажет. Сонымен қатар әйелдер мен балаларды қорғау бойынша арнайы нормаларды қабылдайтын уақыт жетті деп санаймын.  Балалардың терезеден құлауының алдын алу, оларға ерекше қамқорлық көрсету мәселесі де – өзекті, - деп атап өтті депутат.

Ол 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігін алу үшін білім беру грантының жаңа түрін енгізу бойынша нормаларды қабылдау керек екенін айтты.

Одан бөлек,  Білім инновация лицейлері, Абай атындағы, Сәтбаев атындағы мектептер сияқты желілік білім ордаларының мәртебесін бекіту, 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігін алу үшін білім беру грантының жаңа түрін енгізу бойынша нормаларды қабылдау, білім беру ұйымдарының басшыларына олардың құзыретіне кірмейтін мәселелер үшін әділетсіз айыппұл салуды тоқтату, педагогикалық мамандыққа түсу үшін шекті баллды бекіту бойынша заңнамалық нормалар қажет. Сондай-ақ мектеп, балабақша, емхана құрылысы қарастырылмаған жерлерде және  әлеуметтік маңызы бар нысандардың орнына бой көтеретін тығыз орналасқан құрылыстарға жол бермеу мәселесі де бар, - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу туралы заң да ерекше назар аударуға лайық.

Бүгінде аталған заң медицина, білім беру және ғылыми ұйымдардың басшыларын тығырыққа тіреп отыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылған жоқ, бюрократиялық рәсімдер мен қызметтердің, тауарлар мен жұмыс сапасы сын көтермейді. Ғылым саласында да көптеген мәселе заңнамалық шешімді қажет етеді. Ғылымның дамуына жағдай жасау және ғылыми еңбек нәтижелерін коммерцияландыру үшін жаңа заң дайындау маңызды, - деді ол.

Асхат Аймағамбетов бұрын жинаған тәжірибесі алдағы қызметінде де көмектесетініне сенімді.

Мәслихаттың екі шақырылымда депутат болған кездегі, мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы, педагог, өңірдегі мемлекеттік қызметте және орталық мемлекеттік органдарда, Үкімет мүшесі ретінде жұмыс істеген кезде жинаған тәжірибем менің алдағы қызметімде де көмектеседі деп үміттенемін. Мен өз қызметімде бұрынғыдай ашықтық пен есеп беру, әділдік принциптерін ұстанамын, - деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы