Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов азаматтарға зейнетақы жинақтарын толық көлемде өздері басқаруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер қабылданғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қабылданған түзетулер Сенаттың мақұлдауынан өтіп, қазір Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілген.
Депутат қазіргі таңда азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары Ұлттық банк арқылы басқарылатынын еске салды. Жинақтар мемлекеттік бағалы қағаздарға, инфрақұрылымдық жобаларға және басқа да қаржы құралдарына инвестицияланады.
Егер ешқандай өтініш бермесеңіз, қаражатыңызды бұрынғыдай Ұлттық банк басқара береді. Ал егер өзіңіз басқарғыңыз келсе, зейнетақы жинағыңызды инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың біріне сенімгерлік басқаруға бере аласыз. Яғни қаражатыңыздың қайда және қалай инвестицияланатынын өзіңіз таңдайсыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол бұл өзгерісті азаматтардың өз қаражатына қатысты шешімді өздері қабылдауына мүмкіндік беретін маңызды қадам деп бағалады.
Депутаттың айтуынша, бұрын қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтар зейнетақы жинақтарының тек 50 пайызына дейін ғана жеке басқарушы компанияларға бере алатын. Жаңа түзетулер бұл шектеуді алып тастап, жинақтың 100 пайызын жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беруге мүмкіндік береді.
Әрине, ешкімді бұған міндеттемейді. Егер азамат қаражатын бұрынғыдай Ұлттық банк басқарғанын қаласа, ештеңе өзгермейді. Ал өз қаражатын өзі басқарғысы келетіндер арнайы лицензиясы бар қаржы компаниясын таңдап, инвестициялық стратегиясын өздері айқындай алады, – деді Мәжіліс депутаты.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай жүйе азаматтарға өз қаражатын тәуекел деңгейі мен күтілетін табысына қарай әртүрлі инвестициялық құралдарға орналастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутат зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін аударатын қаражаты да ортақ қорға емес, әр азаматтың жеке шотына есептелетін жүйеге кезең-кезеңімен көшу қажет.
Осындай жүйелі өзгерістерге басымдық берген жөн деп ойлаймын, – деп айтты Асхат Аймағамбетов.