Қазақстанның үш дүркін әлем чемпионы, боксшы Назым Қызайбай тарихи жеңісі үшін мемлекеттен қанша сыйақы алады, деп хабарлайды BAQ.KZ Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионатында жеңіске жеткен және жүлдегер атанған спортшыларға кепілдендірілген қаржылай төлем қарастырылған.
Атап айтқанда:
• Алтын медаль иегеріне – 15 мың доллар,
• Күміс жүлдегерге – 10 мың доллар,
• Қола медаль иегеріне – 5 мың доллар.
Осылайша, Қазақстан тарихында алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайға 15 мың доллар немесе шамамен 7,5 миллион теңге төленеді.
Айта кетейік, жақында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген "Ордабасы" клубынан ай сайын 20 миллион теңге көлемінде жалақы алатынын мәлімдеген болатын. Айта кетерлігі, бұл команданың қаржыландырылуы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Осылайша, Назым Қызайбайдың әлем чемпионатындағы алтын медалі үшін алатын сыйақысы қазақстандық футболшының бір айлық жалақысынан үш есе аз болып отыр.
Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы алғашқы үш дүркін әлем чемпионы. Ол алғашқы чемпиондық атағын 2014 жылы жеңіп алған. Ол 2016 жылы бұл жетістігін қайталады. Кейінірек боксшы салмақ дәрежесін ауыстырып, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Одан соң өз салмағына қайта оралып, үшінші мәрте әлем чемпионы атағын иеленген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкенттік "Ордабасы" клубының және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің жұбайы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің сынына жауап бергені туралы жазған болатынбыз.