Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жүз күнде 300-ден астам қызмет көрсетті

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жүз күнде 300-ден астам қызмет көрсетті
663

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының іске қосылуына  жүз күн толды. Осы уақыт аралығында кәсіп бастағысы келетін қыз-келіншектерге консультациялық көмек, сервистік қызмет көрсетілді, ауқымды жұмыс атқарылды. 

Бұл туралы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы мәлімдеді.

Орталықтың тынысы туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Алматы қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева әңгімеледі.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкер әйелдерге қаржылай емес қолдауды бұрыннан жүргізіп келеді.  Бұл бағытта Іскер әйелдер кеңесінің үлесі зор. Ал орталықтың ашылуы осы бағыттағы жұмысты тиянақтады. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, оқыту, кооперация және қажетті біліктіліктерді қалыптастыруға, олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға басымдық беріліп жатыр, – деді Ақеркін Ералиева. 

Бұл бастама Азия Даму Банкінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қаражаты есебінен қаржыландырылады, ал «Атамекен» ҚР ҰКП бұл бастаманы жүзеге асыруда.

Айта кетейік, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында Қазақстанның 14 өңірінде ашылды. 

Орталыққа жүгінетін әйелдер сан алуан, кәсіпкерліктегі санаты да түрлі. Кәсіп ашу ойында бар қыз-келіншектер саудамен айналыссам, мысалы, шаштараз ашсам деп осы бағыттағы алғышарттарды сұрайды. Ал кәсіпті дөңгелетіп жатқан бизнес ханымдар салық есебін тапсыру, қаржылай қолдау алу, сертификат алу сынды іскерлік мәселелермен келеді. Әркіммен тіл табысуға тарысамыз, – деді Алматы қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. 

Әйелдердің құқығы мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту еліміздің 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында да, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарында да ерекше назарға алынған басымдықтың бірі.   

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында қызметтің 7 түрі ұсынылады: кеңес беру, өзекті мәселелерді және әйелдердің қажеттілігін анықтау, кәсіби дағдыларды дамытуға арналған оқыту қызметтері, кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлік және инвестиция тарту, бизнесті бағалау және тәлімгерлік, әйелдерге әртүрлі жобаларға қатыса алатыны жайлы ақпарат ұсыну, керек-жабдықтарды шығарушы компаниялардан кеңес алуды ұйымдастыру сынды бағыттар қарастырылған. 

Алматыда Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында үш ай ішінде 345 әйелге қызмет көрсетілді. Соның ішінде көпбалалы аналар – 78 адам, жастар санатында – 3 адам, аз қамтылған отбасы мүшесі санатында – 11 адам, еңбекке қабілетті мүгедектер – 5 адам, қандастар – 1 адам, басқа санаттар бойынша 247 қыз-келіншекке қызмет көрсетілді. 


Фото: дереккөз