Әйелдер 58 жасында зейнетке шыға ала ма? Министр жауап берді

15 Наурыз 2023, 19:00
1017
Бөлісу:
Әйелдер 58 жасында зейнетке шыға ала ма? Министр жауап берді
Фото: inbusiness.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуге қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенатор атап өткендей, Президент Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакетін ұсынды. Оның бірі – 2028 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жасқа дейін көтеруді тоқтата тұру. 

Бұл шара Әлеуметтік кодексте бар. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтарымыздың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып, қабылданғаны анық. 2029 жылдан бастап зейнет жасын ұлғайту жоспарланып отыр ма? Егер солай болса, қандай жағдайда ерте зейнетке шығуға болады? 58 жастағы әйелдердің зейнетке шығуы туралы норманы қайтару қарастырыла ма? - деп сұрады Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев министрден. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова депутаттың қойған сұрағына жауап берді.

Өзіңіз айтып өткендей, пандемияға байланысты азаматтарымыздың денсаулығы, өмір сүру ұзақтығына байланысты өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік кодекте биыл қаңтардан бастап зейнет жасы 61 жас деп бекітілді. Азаматтардың зейнетке шығу жасы өмір ұзақтығына және зейнетақының деңгейіне байланысты болады. Сол себептен де алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласында үлкен ұлттық жоба жүргізілгелі жатыр, - деп түсіндірді депутаттың сұрағына жауап берген ведомство басшысы.

Сөзінше, оның негізгі мақсаты – ауылдардағы медицинаны жақсарту, көпсалалы ауруханаларды көбейту мәселесі, яғни мамандандырылған медициналық көмекті азаматтарға жеткізу, телемедицина, ерте скрининг сияқты мәселелерді қарастыру. Осы жұмыстардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру жасы ұзарса, онда 2029 жылдан кейін қайта қаралады. 

Ал егер жағдай дәл осылай қалса не болмаса керісінше төмендесе, онда зейнетке шығу жасы қайта қаралады. Енді 58 жасқа тоқталсақ. 2018 жылдан бастап азаматтарымыз 58 жастан асып кетті. Қазір олардың саны 500 мыңнан аса. Егер біз осы жасты қайта қарасақ, онда сол азаматтың барлығының зейнетақысын қайта есептеуіміз керек болады. Ал қайта есептеу зейнетақының қайта көбеюіне емес, керісінше азаюына алып келеді. Сондықтан осындай тәуекел болмауы үшін 61 жасқа тоқтау дұрыс деген шешім қабылдадық. Жалпы, зейнетке ерте шығу мәселесі заңда бар. Егер ананың 5 баласы болса, ол 53 жаста зейнетке шығады. Семей ядролық полигоны аймағында тұрған азаматтарға 45 жасында шығып жаты, - деп түсіндірді Дүйсенова жалпы отырыста.

Министрдің айтуына қарағанда, егер азаматтардың зейнетақы қорларында зейнетақы активі болса, онда 55 жасында зейнетақы аннуитеті арқылы шығу мүмкіндігі қарастырылған. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыр жұмыс істейтен азаматтардың зейнет жасын, зейнетақысын қарастыру жөніндегі мәселесін жұмыс тобы қарап жатыр. Бұл мәселеге қатысты тұжырымдаманы ведомство алдағы уақытта ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы