Автомобиль жолдары саласында білікті мамандар тапшы – Төлеген Абдуллин
Сұхбат PHOTO
21 Тамыз 2021, 13:10 6714

Автомобиль жолдары саласында білікті мамандар тапшы – Төлеген Абдуллин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Автомобиль жолдары саласына білікті мамандар жетіспейді. Бұл бульдозер, экскаватор, грейдер сияқты техникалардың операторлары. Сондай-ақ, зертханашы, геодезист, бригадирлер мен учаске шеберлерінің тапшылығы да байқалады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин сұхбат барысында айтты.

 

Төлеген Тұрсынұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жолдарының сапасы мәселесіне баса мән беріп отыр. Қазақстанның автожол саласында қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Қазіргі қиын сәтке қарамастан, жол құрылыс жұмыстары 8,4 мың шақырымда жүргізіліп жатыр. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар - 5 мың шақырым, жергілікті жолдар - 3,4 мың шақырым. Бұл жобаларда 100 мыңнан астам жұмысшы, 25 мыңнан астам  техника және жергілікті жеке кәсіпкерлер жұмыс атқаруда.

Республикалық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, Елбасының тікелей тапсырмасымен 2019 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылған болатын. Биылғы жылы аталған бағдарламаға сәйкес жол-құрылыс жұмыстары 3,6 мың шақырымда жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 1,4 мың шақырым жол орташа және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылған.


Елордамыз Нұрсұлтан қаласы мен оңтүстік астанамыз Алматының арасындағы күре жолды реконструкциялау бойынша жұмыстар, Талдықорған–Өскемен, Үлкен Алматы айналма жолы, Меркі-Бұрылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Ақтөбе-Атырау-Астрахань және тағы да басқа жолдар бойынша жол-құрылыс жұмыстары қарқынды түрде орындалуда.

Жалпы жылдың қорытындысы бойынша республикалық жолдың техникалық жай-күйі 90 пайызға жеткізілетін болады.

Жол салумен қатар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын ұлттық стандартқа жеткізу бойынша жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1877 қызмет ету нысаны бар, оның 1093-і ұлттық стандартқа жауап береді. Биылғы жылы 71 қызмет көрсету нысанын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл өз кезегінде ұлттық стандартқа сәйкес келетін нысандарды 66 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.  

Мемлекет басшысы жергілікті жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізуді жүктеген болатын. Осы мақсатқа жету үшін қандай кешенді шаралар атқарылып жатыр?

Иа, дұрыс айтасыз, дәп осы мәселені Мемлекет басшысы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде көтеріп, жергілікті желі жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізу тапсырмасы жүктелген болатын. Әрбір тірек ауылға баратын жолдардың 27 мың шақырымын жөндеу жұмыстарымен қамту бойынша кешенді іс-шаралар қабылданды. Аталған жұмыстар аясында былтыр жергілікті желінің жағдайы 75%-ға дейін жақсарғанын айта кетуіміз керек.


Автомобиль жолдары комитеті өз тарапынан жергілікті жолдарды дамыту үшін жергілікті атқарушы органдардың алдына кем дегенде 50 пайыз қаражат бөлу міндетін қойып отыр. Бұл әкімдіктердің жол мәселесіне көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Биыл жергілікті желіні дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттен 302 млрд теңге бағытталып отыр. Бөлінген қаражат есебінен жол-жөндеу жұмыстарының барлық түрлерімен 3,4 мың шақырым автожол қамтылатын болады. Осылайша 2021 жылдың соңына қарай автожолдардың үлесін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы соңғы уақытта жол сапасына көп сын айтылуда, оның себебі неде деп ойлайсыз?

Қазіргі уақытта бізде үш бағытта жолдар салынады, атап айтсам, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мен қала, елді мекен көшелерінің жолдары. Сын, көбінесе, жергілікті жолдар және қала, елді мекен көшелеріне қатысты айтылып жатыр. Бірінші кезекте, жолдарды жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй шаруашылық басқармалары ұйымдастыруда, онда республика бойынша алсақ, 1290 қызметкер жұмыс жасайды, оның тек 12 пайызға жуығы жол саласының мамандық иелері, яғни басқаша айтқанда, еліміздің жол саласында білікті мамандар тапшы, сондықтан да жас буын өкілдерін жол саласының мамандықтарын таңдауға шақырамыз.


Жолды жөндеген соң, күтіп ұстау жұмыстарына назар аудару басты мәселе болуы қажет, яғни бекітілген нормативтерге сәйкес жаңа салынған жолдарда әр бес жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс, бұл талап қаражаттың тапшылығына байланысты кейде 10 жылдан асып кетеді. Сонымен қатар, күтіп ұстау жұмыстарына нормативке сәйкес бөлінетін қаражаттың тек 40 пайызы бөлінеді, ал бұл үшін күтіп ұстау кезінде жасалуы керек жұмыстардың көлемін азайтуға мәжбүр боламыз.

Бүгінде тапсырыс берушінің жол құрылыс жұмыстары барысында барлық процесті бақылауға мүмкіндігі жоқ, сол үшін жалдамалы түрде инженерлерді тартуға мәжбүр болады. Осылайша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жол құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау, техникалық қадағалау жұмыстары үшін тиісті аттестаты бар инженерлер тартылады. Алайда, жол пайдалануға берілген соң инженерлер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Бұл қолданыстағы заңнамада тайға таңба басқандай жазылған.  

Осы сияқты мәселелерді толық пысықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобы бүгінгі күні туындаған проблемаларды шешу бойынша кешенді жұмыстар жоспарын әзірлеуде.

Жол сапасына кері әсерін тигізіп жатқан факторларға тоқтала кетсеңіз?

Автожолдардың жай-күйіне кері әсер ететін бірқатар себеп бар екенін айта кеткен жөн болар. Мәселен, жоғарыда атап өткенімдей, жөндеуаралық нормативтік мерзімнің сақталмауы дер едім. Орташа жөндеуге арналған норматив бойынша жөндеуаралық мерзім 5 жылды құрайды. Алайда, бұл талап, көп кезекте, орындалмай жатады. Сондай-ақ, біздің республикамыздың күрт континентальды климатын да ескеру қажет. Мысалы, қыстың төмен температурасы қар жамылғысы бар көптеген жолдарда көлденең жарықтар мен басқа да ақаулардың пайда болуына ықпал етеді.


Жолдардың бұзылуына ауыр жүк көліктерінің де кесірі тиіп жатады. Рұқсат етілген салмақтан көп таситын жүргізушілердің салдарынан жолдардың көптеген учаскелерінде шөгулер, жолтабандар, ал көпір арқалықтарында жарықтар пайда болады. Әлбетте, бұл ақаулар автомобиль жолдарының жағдайына және көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысына кері әсер етеді.

Тағы бір айта кететін маңызды жәйт, бүгінгі таңда, жасыратыны жоқ, автомобиль жолдары саласында білікті мамандар тапшы. Шамамен 4 мың адам ауадай қажет. Бұл, негізінен бульдозер, экскаватор, грейдер сияқты техникалардың операторлары, өзі аударғыш жүк көліктерінің жүргізушілері және жол жұмысшылары. Сондай-ақ, зертханашы, геодезист, бригадирлер мен учаске шеберлерінің тапшылығы сезіледі. 

Түйткілді шешу үшін біз биыл Білім және ғылым министрлігіне ертеректе біріктірілген бакалавриат бағыттарын бөліп, гранттардың мөлшерін ұлғайту жөнінде ұсыныс жасадық. Бұдан бөлек, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары оқушыларға кәсіптік бағдар беру мақсатында «1000 мектеп» акциясын қолға алып, оның аясында биыл 574 білім ошағының оқушыларына онлайн дәріс өткізді.


Қазіргі пандемия жағдайы еліміздегі біршама саланың тұралап қалуына себеп болды. Жол саласына әсері қандай болды?

Жасыратыны жоқ, пандемия автожол саласына әсер етпей қоймады. Атап айтсам, шекаралар жабылып, шетелден жол құрылысына қажетті құрал-жабдықтарды ала алмадық. Өзбекстан республикасынан мамандар өте алмады. Оның үстіне өзіміздің 4 мыңға жуық жолшымыз қауіпті індетпен ауырып шықты. Вахталық қалашықтарды карантинге жабу фактілері болды. Десе де, құрылыс-монтаждау жұмыстары үзілген жоқ. Мәселені шешу үшін министрлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және жедел штабтармен бірлесіп құрылыс учаскелеріне қызметкерлердің кедергісіз қозғалысы, сондай-ақ, жабдықтарды жеткізу үшін жасыл дәлізді ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарды. 

Құрылыс учаскелерінде барлық қажетті жабдықтармен жарақталған мамандандырылған медициналық кабинетте тұрақты түрде ақ халаттылар жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер күнделікті түрде күніне екі мәрте тексеріліп отырды. Санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар, атап айтқанда, желдету, кемінде үш рет ылғалды жинау, дезинфекциялау, кварцтау шаралары өткізіліп, қызметкерлер жеке қорғаныш және гигиена құралдарымен толықтай қамтамасыз етілуде. Құрылыс учаскесіне бөгде адамдардың кіруіне шектеу енгізілген.


Жөнделген жолдың сапасы маңызды екені рас. Қазір елімізде азаматтық қоғам дамып келеді. Егер жол сапасына қатысты сұрақ туындай қалса, азаматтарымыз қайда хабарласа алады?

Біз әрдайым диалогқа, конструктивті ескертулерге ашық екенімізді, кез келген арыз-шағымға бірден, шұғыл түрде кері байланыс беретінімізді атап өткім келеді. Мәселен, Фейсбук, Телеграм, Инстаграм сияқты әлеуметтік желілерде министрліктің, комитеттің парақшалары бар. Еліміздің тұрғындары дәп осы желілерге сауалдарын жолдап, білікті мамандарымыз жедел түрде әзірлеген жауаптарды алуда. 

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйі, сапасы  және басқа да сұрақтар туындаған жағдайда 1403 қысқа нөмірі арқылы аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, бүкіл республикалық желі бойынша анықталған ақаулар «ҚазРоадЛаб» жүйесінде бақыланады және «ҚазАвтоЖол»-дың ресми сайтына енгізіледі. Демек, кез келген тұрғын порталға кіріп, құрылыс барысы мен жол сапасын көре алады.

Сұхбатыңызға рахмет!

 


Фото: дереккөз
Загрузка...