Қазақстанда қазан және қараша айларында заңсыз айналымнан 45 атыс қаруы, 10 граната және 1,2 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Арнайы іс-шаралар Шымкент қаласы мен еліміздің он өңірінде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар күштік құрылым қызметкерлері 10 граната мен 1259 оқ-дәріні тауып, тәркіледі.
ҰҚК қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын полициямен бірлесіп Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай мен Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында жүргізді.
ҰҚК қарудың кімге тиесілі екенін, істер бойынша қанша адамның өтіп жатқанын және қару-жарақ қоймаларының нақты қай жерден табылғанын нақтыламады.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК-ны өзгерістер күтіп тұрғаны, Президент жаңа басшыға қандай талаптар қойғаны хабарланды.
Сондай-ақ, Ақордада ҰҚК басшысының неліктен ауысқаны жарияланды.