Австрияның бір аймағы апатты деп танылды

16 Қыркүйек 2024, 15:02
296
Бөлісу:
Австрияның бір аймағы апатты деп танылды

Австрияда толассыз жаңбыр жауып жатыр. Осыған байланысты ел астанасымен шектесетін аймақтардың бірі Төменгі Австрия апат аймағы деп жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Вена өзенінің тасуына байланысты аудандағы кейбір үйлерге тек қайықпен жетуге болады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар ауданда жарық жоқ. Бірнеше адам эвакуацияланды. Қоғамдық көліктер де үзіліспен жұмыс істеп тұр.

Австрияда соңғы үш тәулік бойы толассыз жаңбыр жауып тұр. Соның салдарынан тек таулы аймақтарда ғана емес, елдің астанасында да жерасты суының деңгейі көтерілген. Осыған байланысты Вена метросының төрт желісі үлкен іркіліспен жұмыс істеп тұр, қала маңындағы автожол мен теміржол қатынасы тоқтады. Өкінішке орай, табиғи апаттан бір адам қаза тапты. Ол Төменгі Австрия федералды жерінің өрт сөндірушісі. Австрия астанасына іргелес жатқан осы аймақты билік апат аймағы деп жариялады.

 Ауа райының қолайсыздығына байланысты Австрия канцлері Карл Нехаммер қыркүйек айының соңында өтетін парламенттік сайлау қарсаңында өзінің сайлау науқанын тоқтатқанын мәлімдеді. Су тасқынымен күресуге 2,5 мыңға жуық әскери қызметкер мен құтқарушы жіберілді. Олар құмнан қоршаулар мен бөгеттер, сондай-ақ уақытша баспаналар салуда. Вена өзенінің тасуы салдарынан Австрия астанасының шетіндегі кейбір үйлер су астында қалды. 

Дәл қазір құтқарушылар өзендегі судың көтерілуіне байланысты бізге барлығын түсіндірдіп берді. Судан енді үйімізге қауіп жоқ. Соған қуандым. Бірақ жер асты суларының деңгейі әлі де проблема болып тұр, оған қоса үйімізде жарық та жоқ, - деді Австрия тұрғыны Изабелла Шифтер.

Өзгелердің жаңалығы