Авиация қызметкерлерінің 70%-ы ақысыз демалысқа шыққан

29 Сәуір 2020, 06:33
1162
Бөлісу:
Авиация қызметкерлерінің 70%-ы ақысыз демалысқа шыққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай режиміне және рейстер санының азаюына байланысты азаматтық авиация саласының 20 мың қызметкерінің шамамен 70%-ы ақысыз демалысқа шықты, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Коронавирус пандемиясына байланысты әлемде және елімізде экономиканың қатты зардап шеккен салаларының бірі – азаматтық авиация болып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, жыл соңына дейін саладағы шығын көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін. 
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап күніне 4 рейс жиілігімен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында әуе рейстерін ашу туралы шешім қабылдады. Сұраныс жоғары бағыт бойынша ұшудың басталуы саланы қалпына келтірудің алғашқы қадамы болады. Әуе рейстері ҚР ДСМ Көліктегі Бас санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық қауіпсіздік шараларының күшейтілген жағдайында орындалады, – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстан әуе компаниялары билет бағасын сатып алу күні мен уақытына байланысты 7 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіледі. Алдағы уақытта ішкі рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қарастырылмақ. 

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының одан әрі таралуын болдырмау және дер кезінде әрекет ету мақсатында 45 ішкі бағыт бойынша аптасына 540 тұрақты жолаушылар рейсі және 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 рейс тоқтатылған. 


Өзгелердің жаңалығы