Бурабайда Шортанды көлі маңайында ауыл балаларына арналған IQanat мектебі орналасқан. Мұнда қазіргі күні мектепте 300-ге жуық бала білім алып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мектеп несімен ерекшеленеді? Ұстаздар балалардың бойына қандай қасиеттерді дарытады? Оқып көрейік.
IQanat – ауыл балалары үшін ашылған мектеп.
Мектептің басты мақсаты - 100 000 ауыл оқушысы үшін мотивациялық серпін жасау, жыл сайын 1500 ауыл балаларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, ұлттық дәстүрге негізделген шынайы ортаны құру, оқушылардың қазақстандық және шетелдік үздік университеттерге түсуге дайындық деңгейін арттыру.
Қазақи нақыштағы білім ордасы
Бұл – қазақша стильдегі мектеп. Себебі білім ордасы қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегімен сәнделген, көрнекілік үшін құрал-саймандар қойылған.
Арнайы ауыл мектептерінің оқушылары үшін елімізде жыл сайын ең ауқымды «IQanat» олимпиадасы өткізіледі. Олимпиаданың көмегімен Қазақстан мен әлемнің университеттеріне түсуге үш жылдық тегін дайындыққа финалистер таңдалады.
Қазіргі күні IQanat мектебінде 300 түлек оқып жатыр. Оқушылардың көпшілігі жетекші шетелдік оқу орындарынан шақырту алған.
IQanat – бұл жаңа құрал-жабдықтар не болмаса зәулім ғимараттар емес, адамдар туралы деп ойлаймын. Себебі өзіміз де ауылдан шыққанбыз. Бұл мектепке ең алдымен идея және балалар үшін келдік. Орманда өмір сүру өте қиын. Барлығымыз отбасымызды қалдырып, осы жерге жұмыс істеуге келдік, - деді ұстаз Аян.
Сонымен қатар білім ошағы Абайдың «талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым» сияқты бес жақсы ісін балалардың бойына сіңіруді мақсат еткен.
11-сынып оқушылары Роман мен Аида мектепке экскурсия ұйымдастырып, жұмысымен таныстырды.
Акт залы қазақтың киіз үйі стилінде әзірленген. Зал 300 адамға арналған.
Оқушылар өздерінен кейін келген балаларға үлгі болу үшін Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» сөзін негізге алып, осы мектептің бір кірпіші болып қалануды мақсат тұтып отыр.
Роман ойын алаңдарына арналған құрылғы ойлап тапқан. Бұл құрылғы балалар ойын алаңына жақындаған қаңғыбас иттерді өзінің ультрадыбысы арқылы қуып жібереді. Сондай-ақ құрылғы ішкі істер органдарына қауіп туралы ақпарат жібереді. Романның сөзінше, бұл балалар алаңы үшін жасалған.
Мектеп қазақи нақышта жасалған. Оқушы қыздардың көпшілігі бос уақыттарында құрақ көрпеше тігумен, қолөнермен айналысады.
Мектеп үш блокка бөлінген: гуманитарлық, физика-математика және кітапхана.
Сонымен қатар мектеп асханасы да жұмыс істейді. Балалар күніне 5 мезгіл тамақтанады.
Кітапхана заманауи стильде жасалған. Кітап қоры жетерлік, шамамен 3 000-4 000 кітап бар. Оқушылар өз қалауларына қарай қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде кітаптарды таба алады. Мысалы, фантастика жанрындағы кітаптар да бар. Сонымен қатар кітапханада ағылшын тілінде «Speaking club» ұйымдастырылады.
Кітапханада «кітапханашы» жоқ. Оның орнына оқушылар волонтер ретінде жұмыс істейді. Яғни мектепте «Kitap» волонтерлер ұйымы жұмыс істейді. Оған кез келген оқушы қосыла алады. Сөйтіп әр күні бір оқушыдан «кітапханашы» міндетін атқарады.
Ақтөбе облысы Байғанын ауданынан келген 10-сынып оқушысы Әлихан Сәкенов мектепте біліммен қатар тәрбиені де бойына сіңіріп жатқанын айтады.
IQanat мектебіне осыдан 2 жыл бұрын түстім. Басында олимпиаданы жеңіл деп ойладым. Алайда мектепке түскен соң бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік екенін түсіндім. Алдыма шетелге оқуға түсуге мақсат қойдым. Қазір оны жүзеге асыру үшін көп жұмыс істеп жатырмын. Бір айта кетерлігі, біз мектепте тек білім ғана алып жатқан жоқпыз, сонымен бірге тәрбие алып жатырмыз. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзамттың қас жауы» деген сөз бар. Сондықтан ұстаздарымыз бен аға тьюторларымыз біліммен қатар тәрбиені де бойымызға сіңіріп жатыр. Мысалы, адамдармен амандасуды, олармен сыпайы сөйлесуді және одан басқа да өмірге қажетті дағдыларды, қасиеттерді үйретеді, - дейді Әлихан Сәкенов.
12 түсті орда
Бір қызығы мектепте «сынып» деген жоқ. Оның орнына «орда» сөзі қолданылады. Мектепте 12 орда бар. Олар түсімен ерекшеленеді. Мысалы, «Altyn orda», «Qonyr orda» және т.б. Ал балалар мұғалімдерін «ағай-апай» емес, «ұстаз» деп атайды.
Оқушылар мектепке алғаш келгенде 12 түсті асықтың бірін таңдайды. Мысалы, бала сары түсті асықты таңдаса, онда «Sary orda»-ға барады. Сөйтіп жаңадан қосылған бала осы ордадағы басқа балалармен жыл бойы бірге оқиды, тәжірибе алмасады.
Сонымен қатар бір ордада тек бір аймақтың оқушылары болмайды. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балалар болады. Яғни балалар тек өз облысынан келген баламен ғана емес, сонымен қатар барлық баламен араласады.
12 орда бір-бірімен спорттық, академиялық бағытта жарысады. Мұндай жарыстар әр ордаға рух беріп, жеңіске жігерлендіреді.
Онымен қоса, ордадағы оқушылар «білімі төмен-жоғары» деп бөлінбейді. Олар әр күн сайын таңғы 7-ден 8-ге дейін білімдерімен алмасады. Сұрақтар болса, бір-біріне көмектеседі.
Қолөнерші балалар
Мектепте «Fablab» деп аталатын кабинет бар. Мұнда оқушылар қолөнермен айналысады.
Қазіргі күні оқушылар «Киіз үй» жобасын әзірлеп жатыр. Балалар кереге, шаңырақ жасап жатыр. Бұл жобаға мектептің 300 оқушысы да атсалысуда. Яғни әр апта әр ордадан үш оқушы «Fablab»-қа келіп, киіз үй құрылымдарын жасайды. Жоба оқу жылының соңында аяқталады.
Fablab-та оқушылар киіз үйден бөлек, қамшы дайындайды, қолөнер заттары лазерлі станок және 3D принтер көмегімен әзірленеді.
Fablab-та қыздарға әйел ұстаз, ал ұл балаларға ер ұстаз жетекшілік етеді.
Ауыл балалары кім болғысы келеді?
Оқушылар мектеп табылдырығын алғаш аттаған кезде бірі прокурор, бірі әкім, бірі полиция болғысы келсе, кейін жарты жылдан кейін оларды бұл арманы мүлде басқа арнаға өзгеріп, архитектор, IT маманы, инженер, ұстаз болғысы келеді.
Ал спорт залында оқушылар садақ атып, күресіп, басқа да спорт түрлерімен шұғылдана алады.
11-сынып оқушысы Анар Толыбай Қостанай облысы Федоров ауданынан келген.
Мектепке 2021 жылы түстім. Ауыл балаларына арналған IQanat олимпиадасына қатысып, үш кезеңнен сүрінбей өттім. Ал жалпы олимпиада жайында өзімнің мектебімдегі мұғалімімнен естідім. Сөйтіп жарысқа қатыстып, іріктеуден өттім. IQanat пен бұрынғы мектебімнің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, IQanat-та балаларға еркіндік көбірек беріледі. Көбіне сабаққа көп мән береміз, тіпті өз бетімізбен білім алуға да уақытымыз болады. Ал үйде болғанда үй шаруасымен айналысып, достарымызбен қыдырып, сабаққа көп көңіл бөлмейтінбіз. Ал қазіргі оқып жатқан мектебімде арнайы ережелер бар. Мысалы, мектептен рұқсатсыз шықпау сияқты. Мұның барлығы көбірек оқуға, білім алуға мүмкіндік береді. Десе де, жақындарымыз сағынатын кездер болады. Бірақ мұндай жағдайда да ешқандай проблема болмайды. Өйткені ата-анамыз демалыста келіп, алып кете алады, - дейді Анар.
Сонымен қатар балалар түрлі секцияларға жазылып, бос уақытын тиімді өткізе алатынын айтты.
Қазір өзім математикаға басымдық беріп отырмын. Өйткені математика мен ағылшын тілі - маңызды. Тіпті университетке түсу үшін де тестте осы пәндерді тапсырамыз. Сол себепті оны жетік білу керек. Мектепке түскен кезімде бір ай бойы сабақ оқыдым, білім деңгейіммен жұмыс істедім. Себебі деңгейім өте төмен екенін білдім. Қазір бұрынғыға қарағанда талпыныс бар, ойлау қабілетім жақсарды, - деді ол.
Мектепте үш тілде, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім береді. Анар бос уақытында тенниске, футболға, волейболға қатысады. Ол болашақта IT саласы маманы болу үшін информатика-математика бағытын таңдап отыр.
17-28 наурыз аралығында IQanat олимпиадасының ІІ кезеңі өткізілді. Республиканың барлық облысында өткен ауыл балаларына арналған олимпиадаға 7 500-ден астам оқушы қатысты. Енді екінші кезеңдегі жұмыстардың нәтижесі бойынша республикалық кезеңге оқушылар іріктеледі.