Ауылдарда спортты дамыту мәселелері талқыланды

3 Желтоқсан 2022, 16:10
1290
Бөлісу:
Ауылдарда спортты дамыту мәселелері талқыланды

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ауылдық жерлерде жұмыс істейтін спорт нұсқаушыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мамандар ауыл спортын дамыту және жергілікті жерлерде озық тәжірибе ұсыну, балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық және аудандық, ауыларалық жарыстар өткізу, жаңа спорт нысандарын ашу, еңбекақыны көтеру сияқты салаға қатысты мәселелер мен ұсыныстарды талқылады.

Кездесу «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты ауылдық спорт нұсқаушыларының I конференциясы аясында өтті. Қазір ауылдық жерлердегі спорт мектептерінде білім алатын 257 749 бала мен жасөспірімді, спорттық клубтарға баратын тағы 15 322 жасөспірімді, түрлі спорттық секциялармен қамтылған 40 578 баланы және білім беру ұйымдарындағы 32 812 студентті 4 мыңнан астам жаттықтырушы тәрбиелеуде. Сондай-ақ ауылдарда 3 мыңнан астам спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.

Ауылдарда спортты дамыту мәселелері талқыланды

«Ауыл спортының негізгі қозғаушы күші – сіздер. Нұсқаушылар болашақ чемпиондарды тәрбиелеп қана қоймай, мыңдаған бала мен жасөспірім арасында спортты танымал етуге атсалысып келеді. Ауыл спортын дамыту үшін барынша жұмыс істеу керек. Алайда, қалыптасқан жүйеде қордаланған мәселе бар екені жасырын емес. Мысалы, нұсқаушылардың еңбекақысы көтерілген жағдайда бюджетке қандай жүктеме болады, нақты қандай міндеттемелер қойылған, кім қадағалап жауап береді, ауыл кадрлары кімге бағынуы керек және тағысын тағы. Даму үшін жүйелі түрде жұмыс істеу қажет», - деді Дәурен Абаев.

Ауылдарда спортты дамыту мәселелері талқыланды

Айта кетейік, министр Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығына жергілікті жерлердегі жағдайды зерделеп, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы