Ауылдағы интернет жылдамдығы артады: Қазақстанда мыңнан астам елді мекен қамтылады
Ауылдағы интернет жылдамдығы артады: Қазақстанда мыңнан астам елді мекен қамтылады
«Қазақтелеком» мен жергілікті операторлар бірлесіп жаңа желілерді іске қоспақ. Бұл ауыл тұрғындарының оқуына, жұмысына және кәсіп жүргізуіне қалай әсер етеді?
Қазақстанның мыңнан астам ауылының тұрғындары секундына кемінде 100 мегабит жылдамдықпен интернетке қол жеткізуі мүмкін. Ол үшін жергілікті байланыс операторларына «Қазақтелекомның» магистральдық желілеріне қосылуға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен жасалған меморандумда көзделген.
Ауылдық жерлердегі интернет байланысын дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында қойған міндеттерімен тікелей байланысты.
Президент цифрлық экономиканы дамыту үшін азаматтардың мүмкіндіктері олардың қай жерде тұратынына тәуелді болмауы керектігін атап өткен болатын.
Ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет қалай жеткізіледі?
Көптеген елді мекенге магистральдық байланыс желілері тартылған. Алайда тұрғындарды интернетке қосу үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Бұл – магистральдық желіден соңғы пайдаланушыға дейінгі аралықты қамтитын «соңғы миля» деп аталатын желі бөлігі.
Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, «Ауылдық елді мекендерге арналған Талшықты-оптикалық байланыс желісі 1.0» жобасы аясында магистральдық инфрақұрылымды 2018-2020 жылдары «Қазақтелеком» мен «Транстелеком» компаниялары салған.
Енді осы желілерге шағын жергілікті байланыс операторларының қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бүгінде «Қазақтелеком» компаниясының жергілікті шағын және орта байланыс операторларына өзінің магистральдық инфрақұрылымына қол жеткізу мүмкіндігін беру жөнінде келісімге келдік. Бұл оларға ауылдық елді мекендерде секундына кемінде 100 Мбит жылдамдықтағы GPON технологиясы бойынша «соңғы миля» желілерін жедел тартуға мүмкіндік береді, – деді Дамир Сейсембеков.
GPON – деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуге мүмкіндік беретін талшықты-оптикалық байланыс технологиясы.
«Қазақстанның инклюзивті экономикасын жедел цифрландыру» жобасы аясында мұндай желілерді мыңнан астам ауылда салу жоспарланып отыр.
Ауыл тұрғындары үшін қандай мүмкіндік туады?
Ауылдық отбасылар үшін жоғары жылдамдықты интернет қашықтан білім алуға, мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдалануға және қашықтан жұмыс істеуге кеңінен жол ашады. Ал кәсіпкерлерге сауданы дамытуға және цифрлық сервистерді белсенді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Қазақтелеком» компаниясының корпоративтік бизнес жөніндегі дивизионының бас директоры Асқар Қаиров сапалы байланыс өңір тұрғындарының мүмкіндіктеріне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Ауылдық елді мекендердің тұрғындары да ірі қалалардағы азаматтар сияқты білім алуға, жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға бірдей мүмкіндікке ие болғаны біз үшін маңызды, – деді ол.
Қол қойылған меморандум министрлік пен «Қазақтелеком» компаниясының бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындайды.
Келесі кезеңде жергілікті байланыс желілерін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде интернет ауыл тұрғындарының үйлеріне дейін жеткізілмек.