Ауылда жылқы өсіріп, бау-бақшасынан өнім алып отырған көпбалалы ана

26 Тамыз 2022, 18:34
1699
Бөлісу:
Ауылда жылқы өсіріп, бау-бақшасынан өнім алып отырған көпбалалы ана

Ауылда отырып-ақ істің көзін тапқан көпбалалы ана үй іргесіне әртүрлі көкөніс егіп, одан мол өнім алып та отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген болатын.

Алайда кейінгі кездердегі қымбатшылық халқымызды жағадан алып тұрғаны шындық. Бұл туралы Мемлекет басшысы жақында ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады» деп айта келе бұл мәселені тез арада шешуді Үкіметке қадап тапсырды.

Мұндай қымбатшылық ауыл халқын да айналып өтпеді. Бұл қиыншылықтан шығу үшін мемлекет тарапынан әртүрлі бағдарлама бойынша еңбек етемін деген азаматтарға көмектің беріліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. 

Сондай көмек алғандар арасында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында тұратын, көпбалалы ана Ғалия Дәулетбаева да бар.

Ғалия 2021 жылы мамырда «Еңбек» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 4 млн 850 мың теңгені 4 пайызбен алған. Алған қаржысына  араға 2-3 ай салып, 10 жылқы сатып алады. Алайда ауылдық әйел кәсібі бірден табыс әкелді деп айта алмайды. 

Біз жеңілдетілген несие алып, оған мал сатып алғанымызда жем де, шөп те шамадан тыс қымбаттап кетті. Оның үстіне бұл маңайда жайылымдық жердің жоқтығы да көп кедергі келтірді, – дейді шаруа.

Ғалия жем-шөп қымбатшылығына қарамастан алған малын бордақылап, қыста сатып одан табыс тапқан. Түскен қаржысына қайтадан 10 жабағы сатып алған. 

Бұл бағдарламаның тиімділігі тоқсан сайын барлық алған қаржының 4 пайызын, яғни 48500 теңгені төлеп отырамыз. Алған несиені уақытынан бұрын жабу ойымызда бар. Бүгінгі күнге төлейтін 3 млн 880 мың теңгеміз қалды. Жалпы аталған несиенің пайдасын көріп отырмыз. Ерінбей еңбек етіп, істің көзін тапқан азаматтарға бұл үлкен көмек. Сондықтанда бізге осындай көмек қолын созған мемлекетке алғыс айтамыз, – дейді кәсіпкер.

Шаруа бүгінде малын өсірумен қатар олардың қыстық жем-шөбін дайындайды. Биылғы жаздың аптап ыстық болғанына қарағанда қыс суық болып келетінін білген шаруалар жем-шөпті артығымен дайындауды жоспарлап отыр. Бұл ретте қосымша 10-15 қойды бордақылап сатып, оның қаржысын жем-шөпке жұмсамақ. Сөйтіп мал басын көбейтіп, өз шаруашылықтарын дамытпақ.

 

Өзгелердің жаңалығы