Ауылда кәсіптің көзін тапқан әйелдер көп

7 Қараша 2019, 16:45
4355
Бөлісу:
Ауылда кәсіптің көзін тапқан әйелдер көп
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл әйелдерінің форумында бизнеспен айналысып, табыс тауып жүрген нәзік жандылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Атырау облысынан келген кәсіпкер, "Амангелді" ЖШС директоры Айгүл Әмірғалиева отандық балық шаруашылығын дамытып жүрген жандардың бірі. Оның компаниясы әлемнің 8 еліне отандық өнімді экспорттап отыр.

Жолдасым екеуміз отбасылық бизнесті дамытуға бел байладық. Басқасы емес, ата-бабамыздан қалған балық шаруашылығын өзімізге лайық деп шешім қабылдадық. Жемісін көреміз деп 2006-2007 жылдардан бастап осы бизнеспен айналысып келе жатырмыз. Алғашында компаниямыздың атауы «Амангелді» өндірістік кооперативі деп, кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдық. Біз 1100 адамға жұмыс беріп отырмыз. Оның басым бөлігі – балықшылар. Бүгінде 80-нен астам балық өнімдерін шығарамыз. Өзіміздің қала мен облысқа және алыс-жақын 8 мемлекетке экспорттаймыз. Яғни, үш түрлі балық өнімдерін шетелге жолдаймыз. 2014 жылдан бастап экспортер деген атақ алдық. Еуропалық нөміріміз де бар, - дейді Айгүл Әмірғалиева.

Алғашында бұл кооперативтің өрлеуіне жұбайы екеуі таза өз қаражаттарын салған. Қиындықтар да туындаған. Дегенмен бастаған істің одан әрі дамуына үкімет тарапынан көп қолдау көрсетілген екен. 

cdb711aa-17ae-4bd4-bde5-35cfec17bbb7.jpg
Бұл орайда мемлекеттік қолдаудың маңызды рөл атқарғанын баса айтып өткім келеді. Субсидияға ие болдық. Бұйырса, Алматы қаласында балық өндейтін ірі зауыт салып жатырмыз. Бұл форумның ауыл әйелдеріне берері мол. Өзіңіз білесіз, іскер әйелдердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін осындай ауқымды шаралардың алар орны ерекше. Тәжірибесін бөліседі, пікір алмасады, - деп атап өтті кәсіпкер әйел.

Бір кездегі бала арманын берекелі кәсіпке айналдырған тағы бір іскер әйел – Эльмира Құдайбергенова. Ол –  Жаңаөзен қаласының тұрғыны. Құрақ көрпе, қыз жасауын әзірлейтін шеберханалық жеке кәсібінің негізін қалаған. Кәсіпкерлікке алғаш қадам басып, "Айша" деп аталатын ЖШС ашқан екен.
"Даму" қорының және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған курстарға қатысып, білімімді жетілдірдім. Маңғыстау облысының кәсіпкерлеріне берілген пайызы төмен несие алып құрақ кесу және көрпе сыру процестерін автоматтандырдым. Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын, - дейді жеке кәсіптің иесі. 

Айта кетейік, форумның бірінші күнінде 4 бірдей стратегиялық сессия өтті. Кездесулер "Бизнестегі әйелдер: ауылда әйел кәсіпкерлігі мүмкіндіктері мен қаражаттың қолжетімділігін кеңейту", "Ауылдық елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету құралы ретінде жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін дамыту", "Ауылда "жасыл" технологияларды игеру мен әйел кәсіпкерлігін дамыту арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету" және "Адами капиталды дамыту жолы ретінде ауылдағы әлеуметтік және гендерлік мәселелерді шешу" тақырыбына арналды.
 

Бұл жиынға 70-тен астам шетелдік сарапшы маман келген.

Асқар шыңдарға ту тіккен іскер әйелдің бірі Бану Тілегенова өзінің табысқа жету оқиғасымен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы