«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғыртуға» 8,5 трлн теңге жұмсалады

16 Наурыз 2023, 10:42
981
Бөлісу:
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғыртуға» 8,5 трлн теңге жұмсалады
Фото: kazakhstan today

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айта кетерлігі, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. 

Министр биылғы қазына қаражатына тоқталды.  

Бірқатар маңызды міндеттемені іске асыруға 186 млрд теңге бағытталатын болады. Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Бұны шығыс құрылымының өзгеруінен байқауға болады. Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Тиісінше, шығыстың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3 пайызға ұлғайды, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, экономиканың нақты секторына бағытталған шығыс 3,5 трлн теңгеге жетеді.

Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыс 3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6 пайыз мөлшерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Әлеуметтік саланың шығысы 298 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығысының 37,5 пайызын құрады, - деді министр.

Сонымен қатар ол қаражаттың қайда жұмсалатынын нақтылады.

Қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталады. Күш құрылымы шығысы 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге көлемінде болады. Нақтылау кезінде ағымдағы жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығысының 32 пайызы бағытталады, - деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Өзгелердің жаңалығы