Ауыл тұрғыны Гүлшара Әбдіқалықоваға: "Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба?"

16 Шілде 2020, 17:32
1982
Бөлісу:
Ауыл тұрғыны Гүлшара Әбдіқалықоваға: "Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба?"
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты жауап берді. Бұл туралы әкімнің баспасөз хатшысы Бақытжан Омар хабарлады.

Бұған дейін желіде Жаңақорған ауданының тұрғыны "Қызылорда облысының әкімі келеді" деп жолды жауып тастағанын айтқан видео жарияланған болатын.



Видеода Жаңақорған ауданының тұрғыны Әбдіқалықованың алдынан шығады.

Сәлеметсіз бе, апай! Облыс әкімі сіз боласыз ба? Сіз осында келе жатырмын деп жолды жаптырдыңыз ба? Бізді жолда маршруттан түсіріп кетті. Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба? Неге келе жатқанда осылай жасайсыздар? Халықты қорлайсыздар, халықпен бірге емессіздер, - дейді аудан тұрғыны.

Облыс әкімінің айтуынша, жолды жабуға ешқандай тапсырма бермеген.


Бүгін Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ауруханаларды аралап, дәрі-дәрмекпен, оттегімен қамтамасыз ету мәселелерін қарап жатырмын. Осындай іссапар кезінде Жаңақорған ауданы инфекциялық ауруханасының қасында Сандуғаш Тұрлыбекова деген әйел маған келіп, жолдың жабылғанын айтты. Бұл ыңғайсыздық тудырғанын жеткізді, - дейді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ол жолды "жабу туралы тапсырма берген жоқпын, аудан әкімі де ешқандай тапсырма бермеді" деп отыр.

Сол жердегі ішкі істер бөлімінің басшысы да ондай тапсырма берілмегенін айтып отыр. Бұл учаскелік полицияның шешімі болса, оның іс-әрекетіне қатысты облыстық департамент басшысы Сұлтан Бектөреге тапсырма бердім. Енді полиция департаменті учаскелік полицияның іс-әрекеті қаншалықты дұрыс екенін, қандай кемшілік жібергенін анықтайды, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы