Ауыл шаруашылығы техникасын алуға жеңілдікпен несие беріледі - ИИДМ

15 Шілде 2022, 15:58
1518
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы техникасын алуға жеңілдікпен несие беріледі - ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. 

Айтуынша, елімізде отандық ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылады. 

Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту ағымдағы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін біздің министрлік Экология министрлігімен бірлесіп, Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының қаражатын пайдалана отырып, отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жеңілдетілген кредит беру тетігін енгізу механизмін пысықтауда, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаппай жаңарту – өзекті мәселе. Қаржыландырудың барлық мүмкін көздерін пайдалану маңызды. ӨКМ Операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мақсатында жеңілдетілген несие беру тетігін енгізуді тапсырамын, – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Айта кетерлігі, 2022 жылы осы бағдарламаны іске асыруға 3,5 млрд теңге көзделген. Ал араластыру арқылы лизингтік қаржыландыруға бөлінген қаржы көлемі – 7 млрд теңгені құрап отыр.

Өзгелердің жаңалығы