Ауыл шаруашылығы қызметінің 90%-дан астамы электрондық түрде көрсетілген

27 Мамыр 2021, 11:39
4250
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы қызметінің 90%-дан астамы электрондық түрде көрсетілген

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама өңірде бес бағытта жүргізілуде.

Бұл туралы жаңадан құрылған жергілікті Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Архат Байқазақов әңгімелеп берді. Жауапты маман бес бағыттың экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке көшу, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту және инновациялық экожүйені құру екенін атап айтты.

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласын осы жүйеге енгізу бойынша жұмыстар жоспарлы сай жүргізіліп жатыр. Мәселен, «АК Алтыналмас» АҚ-да геология, геологобарлау, тау-кен жұмыстары және өңдеу салаларындағы озық технологияларды цифрландыру кешенді жұмыстары атқарылуда. Бүгінде олар цифрлық кеніш жобасын іске асыру жолында. Сондай-ақ «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС өз серіктестерімен бірлесіп сату процесін цифрландыру бойынша еңбек етіп жатыр. Мәселен, олар интернет-банкинг жүйесі арқылы электрондық төлемді енгізе бастады, - деді басқарма басшысы.

Ол бұдан бөлек, басқа да бірқатар мекеменің жұмыс жүйелері цифрландырылып жатқанын алға тартты. Компанияларда металлургия, энергетика, тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларындағы жетекші ресейлік инженерингтік ведомстволардың бірі әзірлеген Өндірісті жедел басқарудың автоматтандырылған жүйесі (MES-Manufacturing Execution System) енгізілген. Сонымен қатар 2023 жылы жер қойнауын пайдалану саласында үш инвест-жобаны іске асыру жоспарлануда екен.

Өңір аумағындағы кәсіпорындарды біртіндеп сандық жүйеге ауыстырумен қатар, техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау, еңбек өнімділігін және өнім көлемін 10-15 пайызға арттыру көзделген. Ал көлік логистикасын цифрландыру жобасы бойынша былтыр «Арқан» мобильді кешені 10 автокөлікпен толығып, 10 кешен орнатылды. Сондай-ақ өткен жылы «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС Тараз қаласында қоғамдық көлікті электронды билеттеу жүйесін іске қосты, - деген Архат Қайратұлы электрондық сауданы дамыту аясында да осы іспетті жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Жамбыл облысында 43 070 кәсіпкерлік нысан онлайн кассалық аппаратпен жабдықталған. Өткен аймен салыстырғанда, кассалық аппарат 5,2 %-ке өскен. Жалпы аймақта 509 банкомат, 4 408 РОS терминалы бар екен. Спикердің сөзінен ұққанымыз, пандемияға байланысты бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де қосымша өз қызметтерін онлайн түрде көрсетуге көшіпті.

Атап айтар болсақ, оның ішінде өз қызметін 87 дәмхана, 65 асхана, оның ішінде Fast Food, пиццерия және тағы басқалар бар, 48 азық-түлік дүкені мен сауда орталығы, 113 азық-түлік емес дүкен онлайнда қызмет көрсетуде. Ауыл шаруашылығы саласы да цифрландырылуда. Қазіргі таңда бұл салада 24 қызмет түрі сандық жүйеге бет бұрса, «Qoldau.kz» сервисінде 17 субсидиялау бағдарламасы автоматтандырылған, - деді А.Байқазақов.

Оның ішінде егін шаруашылығы саласы бойынша 5 бағыты субсидияланса, мал шаруашылығында – 2 бағыт, қалған бағыттар агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға бағытталған. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан өткен жылы 9 743 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 9 132-сі, яғни 94 %-і электронды түрде жүзеге асырылыпты. Биылғы үш айда 972 мемлекеттік қызмет электрондық түрде көрсетіліп отыр.

Бұдан бөлек, облыс бойынша 3,6 миллион гектар жайылымдық жер электрондық картаға ену керек болса, бүгінгі күні оның 2,05 миллион гектары еніп, жоспар 57,4 %-ке орындалған. Ал егістік көлемін электрондық жүйеге енгізу жоспары 772,7 мың гектар болса, оның 649,9 мың гектары электрондық жүйеге енгізіліп, жоспар 84,1 %-ке жетті. Өңірде алғаш рет ауыл шаруашылығы техникалары GPS бақылау технологиясына, яғни жүргізушісі жоқ жүйеге қосылды. Олар Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарындағы шаруа қожалықтарына тиесілі, - деді жауапты маман.

Ол сонымен қатар осы жылы егін шаруашылығы саласында заманауи цифрлық 30 тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қазірдің өзінде «Қақпатас Қордай» ЖШС-ның сүт фермасына 400 автоматтандырылған сүт сауатын қондырғы орнатылған. Ал Жуалы ауданында «Гамбург» ЖШС 1 200 басқа арналған сүттауарлы фермасының құрылысын жүргізуде, ферма толығымен автоматтандырылады.

Қордай ауданында «Грин Вилл» ЖШС Оңтүстік Корея инвесторларымен бірлесіп, автоматтандырылған, жалпы алаңы 4 гектарды құрайтын жылыжай салды. Жамбыл ауданындағы «Азамат»» ЖШС мен Байзақ ауданындағы «Манат» ЖШС климатты бақылау, ылғалдандыру және басқа да процестерді компьютерлік бақылау жүйесіне негіздеп, автоматтандырды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында «Алель Агро» ЖШС құс етін өндіру инвест жобасы іске асырылуда, мұнда барлық технология автоматтандыру жүйесіне негізделіп, жылына 20 тонна құс етін өндіретін болады, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Архат Қайратұлы Т.Рысқұлов ауданындағы «ЛКЗ» ЖШС мен Тараз қаласында орналасқан «Gud Log» ЖШС құрама жем шығаратын желілерінің барлық технологиясын автоматтандыру жүйесіне негіздегенін айтты. Сонымен қатар сүт өнімдерін өңдейтін 5 ферма технологиялары автоматтандыруға негізделген жүйемен жұмыс істеуде. 2021-2022 жылдары Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай, Шу аудандарында және Тараз қаласында барлық технологиясы автоматтандыру жүйесіне негізделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар іске қосылады екен.

Оның сөзінше, жалпы цифрландыру бойынша жұмыстар өзге де салаларда жоспарлы жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы