"Ауыл" партиясының болашағына күмәнмен қарағандар болды – Бектаев

27 Қараша 2019, 10:43
2789
Бөлісу:
"Ауыл" партиясының болашағына күмәнмен қарағандар болды  – Бектаев
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. "Ауыл"  Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қайта құрылғанынан бері 4 жыл өтті. Бұл партия үшін тағдыршешті кезең болды. 

Бұл туралы партия съезінде сөз сөйлеген партия басшысы Әли Бектаев мәлімдеді. 


Бәз біреулер саяси аренадағы алғашқы қадамымызға күмәнмен қарады. "Ауыл" партиясының болашағына сенбегендер де болды.
Алайда біздің партиямыз сөзімен ғана емес, ісімен де өзінің саяси әлеуетін, ерік-жігерін таныта білді. Ең бастысы біз өзіміздің қоғамға аса қажетті саяси құрылым екенімізді дәлелдік. Әрине мұнда "Ауыл" партиясының әрбір мүшесінің үлесі бар екенін мақтанышпен айта аламыз,  - деді ол. 

Оның сөзіне қарағанда қез келген бір құрылым үшін ең күрделі кезең – қалыптасу кезең. 

Біз сіздермен бірге жұдырықтай жұмылып, бұл күрделі кезеңнен өттік. Осы уақыт аралығында "Ауыл" партиясының іргесі бекіп, қанаты қатайып, қатары толықты. Ендігі кезекте "Ауыл" партиясы бүгінге дейін жеткен жетістіктерін еселеуді мақсат етуі керек. Бұл тұрғыдан алғанда партияның Саяси кеңесі бүгінгі кезекті 16 съездің шақырылуын өте қажетті шешім деп қабылдайды. Қазіргі қоғамдық – саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күн өткен сайын күрделеніп келе жатқанын жақсы білесіздер. Сол себепті де жауапкершілігі жоғары саяси күш ретінде біз  етек-жеңімізді жиып, жұмысымызды жандандыра түсуіміз керек, -  дейді партия басшысы. 

Әли Бектаевтың сөзінше, партияның басты  мақсаты – парламенттік партия болу.

Бұл мақсат біздің келесі төрт жылдық жоспарымыздың негізіне айналуы тиіс. Өткен жылдарда жеткен жетістіктерімізді ескерсек, сіздермен бірге негізгі мақсатымызға жетерімізге ешкім күмән келтіре алмайды, - деді ол. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада "Ауыл"  партиясының кезекті съезі өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы