Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен «Ауыл» Халықтық–демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVII съезінен толығырақ ақпаратты ұсынамыз.
Съезді бастамас бұрын делегаттар дүниеден өткен Алматы қаласы бойынша партия филиалының төрағасы, белгілі ғалым, академик Абдулла Сапаровты бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Партияның өңірлердегі филиалдарынан 88 делегат сайланды. Карантин шектеулеріне байланысты 31-і қатысып отырса, 50 делегат қашықтан қатысты. Тіркеу парағына сәйкес 81 делегат тіркелді. Белгілі себептермен 7 делегат қатыса алмады. Делегаттар съезд жұмысы ашылсын деп, бірауыздан дауыс берді.
Ауыл партиясының кезектен тыс XXVII съезінің жұмысын жүргізу үшін съездің жұмыс орындарын сайлап алды.
1. Есеп комиссиясына 3 адам сайланды. Олар Есеп комиссиясының төрағасы Айдар Саттаров, Ғалымжан Оразбаев – Шымкент қаласы бойынша съезд делегаты, Есеп комиссиясының мүшесі, Зинаида Багненко – Павлодар облысы бойынша партия ұйымының делегаты, Есеп комиссиясының мүшесі.
2. Мандаттық комиссия мүшелері. Фарид Ақбердиев, Қанат Бекеев, Әлесев М.Т.
3. Съезд хатшылығы. Мейрамбек Оралов, Гүлден Сәдуақасова.
Делегаттар «Ауыл» Халықтық–демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVII съезінің күн тәртібін бекітті. Оған 2 мәселе ұсынылды.
- «Бірлік» саяси партиясының «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясына қосылу жөніндегі ұсынысы туралы.
- «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы Саяси кеңесі құрамына өзгерістер енгізу туралы.
«Бірлік» саяси партиясының «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясына қосылу жөніндегі ұсыныс келіп түсті. Бұл партия шешімді өздерінің 2020 жылы 14 наурызда өткізген кезектен тыс съезінде қабылдауды ұсынған. Қандай да бір саяси партияның қайта құрылымын жүргізу бір күнде шешіле салатын жұмыс емес. Мәселе екі партияның қосылуында ғана емес, ең алдымен бұл процестің саяси маңыздылығына және қажеттілігіне жете мән беруіміз қажет. Яғни «Бірлік» партиясының қосылуы «Ауыл» партиясына не береді? Дәл қазір мұндай қажеттілік бар ма? «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы саяси алаңдағы танымал партиялардың бірі. «Ауыл» партиясының өзіндік тарихы, дәстүрі, кадрлық әлеуеті мен нақты идеялогиялық бағыты және бағдарламалық мақсаттары бар. Осының бәрін ескере келе «Ауыл» партиясының Саяси бірлік президиумы «Бірлік» партиясының қосылу туралы ұсынысын зерттеу үшін арнайы жұмыс тобын құрған болатын, - деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.
Жұмыс тобы соңғы 2-3 ай көлемінде жұмыс жасады.
Бұған дейін жұмыс тобының қорытындысы туралы айтып, делегаттардың шешімі туралы жазған болатынбыз.
Съезд делегаттарының бірауыздан қолдауымен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ның басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов, еңбек және әлеуметтік қорғау экс вице-министрі Светлана Жакупова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Есенеев, «Шопан-ата» Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев және «Ауыл» ХДПП жастар қанатының өкілі Әйгерім Көкеева Партияның Саяси кеңес Президиумының құрамына енді. құрамына енді.
Қазіргі уақытта елімізде 1000-1500-нан астам ауыл бар. Алайда шекараның бойындағы ауылдардың жағдайы нашар. Бұл әлеуметтік қана емес, сондай-ақ саяси мәселе. Ауылдарға тұрғындарды көшіру, ауылдағы жастарға жұмыс беру, ауыл инфрақұрылымын дамыту ауқымды мәселелерінің бірі. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан майда шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығында аграрлық сектордағы өнімдің 70-72%-ын өндіреді. Майда шаруашылықтардың саны 240 мыңнан астам шаруа қожалықтары бар. Бірақ олардың өнімдері майда болғандықтан, тиісті көлемде қаржы ала алмағандықтан, өнімін сақтай алмағандықтан және оны қайта өңдей алмағаннан кейін олардың өндіріп жатқан өнімдерінің сапасы өте төмен. Оларды көп жағдайда делдардар алып кетеді. Шаруалардың өздері өндірген өнімдеріне егелігі жоқ. Сондықтан осындай майда шаруашылықтарды ауыл шаруашылық кооперациясына біріктіріп, оларды үлкейту мәселесі тұр. Осы ретте ауыл шаруашылық кооперациясы жұмысымыздың ең негізгі, басты мақсаты болады, - деді съезд соңында журналистерге берген сұхбатында «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.