Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Альберт Рау «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстарды сынға алды.
Жоба аясында 6300 ауылды елді мекеннің ішінде «Ауыл - ел бесігі» бойынша 3 500 ауыл таңдалып алған еді. 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарлама бар-жоғы 660 ауылды қамтыған. Яғни 3 жылдың ішінде бағдарламаның қызығын бар-жоғы ауылдардың 18 пайызы ғана көрген. Оған қоса осы бағдарламамен алдағы 4 жылда 2 870 ауыл қамтылуы керек. Алайда ұлттық жобаның орындалмай қалу тәуекелі қазірдің өзінде байқалады, - дейді Альберт Рау.
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат жобаның кемшілігін атап өтті.
Жаңғыртылған ауыл деген осы ма? Алдағы 2 жылда тірек ауылдарды дамыту керек деп есептейміз. Әйтпесе бұл қаражатты желге шашу болып кетеді. Екінші проблема – іске асқан жобалардың санымен жарысу. Бұл да сапалы көрсеткіш бола алмайды. Мәселен, республикалық бюджеттен аудандық аурухананы жөндеуге бөлінген қаражат кейбір жобалардың санын арттыру үшін ғана басқа жаққа бөлініп кете берген. Депутаттар анықтаған тағы бір проблема – әлеуетті ауылдар жобаға мүлде кіргізілмеген. Неліктен? Осындай формальды әдістер анықталып жатыр, - деп сынады депутат жоба аясында іске асырылған жұмыстарды.