«Ауыл аманаты» жобасы не береді?

17 Наурыз 2023, 19:31
3297
Бөлісу:
«Ауыл аманаты» жобасы не береді?
Фото: egemen.kz

Биыл Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына 6 шағын қала және 134 селолық округ қатысып жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиевтің айтуынша, аталған жоба аясында облыс бойынша биыл жалпы құны 16,0 млрд теңгеге 3914 жоба іске асырылмақ.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында облысымызда мал шаруашылығын дамыту бағытында 10,0 млрд теңгеге 2 995 жоба, өсімдік шаруашылығын дамытуда 765,4 млн теңгеге 188 жоба, техника мен жабдықтар сатып алу үшін 942,0 млн теңгеге 48 жоба және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша шағын бизнес ашу мақсатында 4,2 млрд теңгеге 683 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде жоба сәтті жүзеге асырылса, 81 сүт өңдеу цехы, 54 ет өңдеу цехы, 10 көкөніс цехы, 196 жылыжай ашылмақ. Былтыр бұл жобаға 3 млрд теңге бөлінсе, биыл 3,5 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр, - дейді ол.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландырушы - «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы. 

Бүгінде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на жалпы мөлшері 2,5 млрд теңгеге 526 жобаның құжаты тапсырылып, 854 млн теңгенің 201 жобасы мақұлданған. Алдағы уақытта облыс бойынша жалпы құны 154,7 млн теңге болатын 33 жобаға несие берілмек.

Бұл жобаның ерекшелігі ауыл-аймақтарда тұратын азаматтарға  қаржылық несиемен қатар тауарлық несие де беріледі. Яғни, мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар танымал, малы көп шаруашылықтардан тауарлық, яғни мал есебінде несие ала алады. Осылайша бұл механизм қарапайым тұрғындардың мал басын көбейтуіне, табысын арттырып, отбасын асырауына  үлкен көмек болады. Мәселен, биыл ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен ауыл тұрғындарына 6000 бас мал беру жоспарланып отыр. Тауарлық несиенің тиімділігі сол, одан бюджеттің бірде-бір тиыны жұмсалмайды. Сондай-ақ несиенің қайтарымы ақшалай емес, алынған төл есебінен болады. Бүгінге дейін өңірімізде 61 шаруашылық есебінен 126 отбасыға 1737 бас мал берілді, - дейді Әбтиев.

Көпшіліктің көкейінде «Ауыл аманаты» жобасы не береді?» деген сауал болуы мүмкін. Жалпы бұл жоба облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңірде мал басының көбеюіне, тұрғындардың табысын арттыруға серпін береді. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, аудандарда бұл жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда өңірде құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші 5,4 пайыздан 13,2 пайызға, картоппен қамтамасыз ету көрсеткіші 69,1 пайыздан 74,0 пайызға, ал көкөніспен қамтамасыз ету көлемі 35,6 пайыздан 41 пайызға жетеді. Сондай-ақ жоба аясында шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінде жаңа жұмыспен қамтылатындар саны артады. Осылайша бұл жоба ауылдардағы жұмыссыздық деңгейін 45 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар деңгейін 26,7 пайызға дейін төмендетеді. Ал әр отбасындағы азаматтардың орташа табысы 172 мың теңгеден 330 мың теңгеге дейін көбейеді.

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 60 айға дейін беріледі. Атап айтсақ, жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін несие мөлшері 8 625 000 теңгеге дейін болса, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін. Негізінен жеңілдетілген несие құс, өсімдік және дәстүрлі емес шаруашылық түрлеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге беріледі. Қазір аудандарда тұрғындар жобаға қатысу үшін өз құжаттарын рәсімдеп жатыр, — дейді басқарма басшысының орынбасары.   

«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың бірі — мәртөктік Нұрсұлтан Бекбауов. Ол өз ауданындағы «Есбол» шаруа қожалығынан 10 бас ірі қара алыпты. Мал басын көбейткен соң тауарлық несиесін қайтарады.

Бұл жобаның тиімділігі сол, біз сияқты қарапайым тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Қазір ауылдарда шаруа қожылығын ашқысы келетіндер көп. Біздің ауданда ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын дамып келеді. Осы орайда жобаға қатысуыма атсалысып, қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғысым шексіз, - дейді ол.

Ал Нұрсұлтанға тауарлық несие берген «Есбол» шаруа қожалығының басшысы Мұханбетқали Қарсақов ауданда мал, егін және дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытуға мүмкіндік мол екенін айтады. Ол өз шаруа қожалығында ірі қара басын көбейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ шаруашылық басшысы жоба аясында ауыл тұрғындарына тауарлық несие беріп, қолдау танытуда.

Ырғыз ауданында «Ауыл аманаты» жобасына Қызылжар және Тәуіп ауылдық округтері қатыспақ. Аталған округтерде үш мыңнан астам адам тұрады. 

Аталған жоба аясында ауданымызда 404 млн теңгенің 194 жобасы жүзеге асырылады. Оның ішінде 7 жоба өсімдік шаруашылығына, 153 жоба құс шаруашылығына, сондай-ақ 32 жоба шағын бизнесті дамытуға бағытталып отыр. Шағын бизнесті дамыту бойынша аудан тұрғындары несиені ет, сүт өңдеу цехтарын ашуға, кондитерлік өнімдер цехы мен наубайхана салуға алып отыр. Сондай-ақ жылыжай ашқысы келетін азаматтар да бар. Біз олардың барлығына көмек көрсетіп, жобаға қатысуына қолдау танытамыз, — дейді Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есет Молыбаев. 

Өзгелердің жаңалығы