Ауыл әкімінің құзіреті кеңейтіледі

25 Тамыз 2021, 09:50
2249
Бөлісу:
Ауыл әкімінің құзіреті кеңейтіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзін басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев сұхбат барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының басым тұстарын айтып берді.

Оның айтуынша, бұл 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың дамытылып, толықтырылған жалғасы. Өткен тұжырымдамада ауыл әкімдерін мәслихатта сайлайтын болса, енді ауыл әкімін халық сайлайды және ол биыл бірінші рет іске асырылды. 2025 жылға дейінгі тұжырымдама тамыз айының 18 күні қабылданып, оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Қазір тұжырымдаманы іске асыру жүріп жатыр және Жергілікті өзін-өзі басқару бойынша заңды әзірлеу қолға алынған.

Енді аудан әкімдері сайланады

Миржан Иманбаевтың айтуынша, жаңа тұжырымдаманың басты артықшылықтарының бірі – ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы. Биыл бірінші рет ауыл әкімдерінің сайлау өткізіліп, алғашқы тәжірибе де жинақталды.

2025 жылға дейін елімізде қанша ауылдық округтер бар, солардың әкімдерінің барлығы тікелей сайлау арқылы таңдалады. Әкімдердің төртжылдық мерзімі бар, енді осы мерзімі аяқталған соң тікелей сайлау арқылы әкім таңдалып отырады. Одан кейінгі кезеңде аудан әкімдері сайлауын өткізу тұр. Биыл бірінші рет ауыл әкімі сайлауын өткізіп, тәжірибе жинадық. Енді 2024 жылдан бастап аудан әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Елімізде 160-170-ке жуық аудан болса, сол аудан әкімдерінің барлығы бір уақытта тікелей аудан халқымен сайланады. Қазір олар саяси мемлекеттік қызметкер деп аталады,-дейді ол.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта ауылды жерде Жергілікті кеңес мүшелері пайда болып, олар да халықтың сайлауымен таңдалатынын жеткізді.

Олар ауылдағы ақсақал, белсенділер, бір сөзбен айтқанда ауылдың қамын ойлайтын адамдар. Біз енді оларға аудандағы мәслихат сияқты мәртебе береміз. Оларға құқық пен құзірет беріледі және кеңес мүшелері ауыл тұрғындарымен тікелей сайланады. Кеңес мүшелері ауылды жердегі проблемаларды аудан мәслихатына жеткізбей, әкіммен бірге сол жерде бірден шешуге атсалысады. Мысалы, қазір жергілікті бюджетті бекіту үшін ауыл әкімі ауданға барып экономика бөлімімен келіседі, депутаттардың алдында қорғайды. Ал, аудандағы мәслихат ауылда не болып жатқанын көбінде біле бермейді. Ендігі кезекте ауылға бөлінетін қаржыны қай жерге, қанша сомада жұмсау қажеттігі жөніндегі шешімді жергілікті кеңес өзі қабылдай береді,-деді ол.

Жергілікті кеңес құрамына ауыл тұрғындарының санына қарай 18 жастан асқан 9-дан 25 адамға дейін кіре алады. Оның үстіне кеңестің шешімі – нормативтік құқықтық акт ретінде күші бар құжат болады. Оны Әділет органдарында тіркейтін көрінеді.

Дегенмен бұл жөніндегі заң әзірлену үстінде, әлі қабылданған жоқ. Ауылды жерде жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін шешетін бөлек заң жоқ. Тек жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару деген заң бар. Ол облыс, аудан мен ауыл деңгейін барлығын бірдей қамтиды. Енді тек жергілікті өзін-өзі қамтитын бөлек заң жазамыз. Сол жаңда жергілікті кеңестің қандай құзіреттері бар, кеңеске қандай адамдар алынады, олар қандай мәселені шешеші, қандай құқыттық актіні шығара алады дегеннің барлығы толық жазылады. Заңды жазуға қоғам белсенділерін тарта отырып, жан-жақты талқылаудан өткіземіз,-дейді Иманбаев.

Сонымен қатар ол Жергілікті кеңес сайланған әкімнің жұмысына қанағаттанбаса мәслихат алдында оның жұмыстан кетуіне арыз жазып, ықпал ете алады екен.

Жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі құрылады

Оның айтуынша, қазір ауылды жердегі әкім аппаратында 2-3 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Үлкен ауылдарда олар мемлекеттік қызметті дұрыс көрсете алмайды. Бірінің уақыты жетпесе, тағы бірінің біліктілігі жетіспейді. Алдағы уақытта оның ұйымдастырушылық қызметін өзгеріп, Жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі деп аталатын жаңа орган құрылады.

Олардың құзіреттері кеңейтіледі. Мәселен, кейде ауылдағы науқандық жұмыстарға әртүрлі шаруаны атқаратын адамдар қажет болады. Аяқастынан плотник, тіптен сәулетші керек болып қалады. Қазір ондай шаруаны атқару үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу байқауын жариялауы керек. Ал, бұл рәсім көп уақытты талап етеді. Ендігі кезекте мұндай шаруаларды Жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі атқара береді. Яғни оны жергілікті кеңес құптап жатса әкім ондай жұмыстарға ауыл ішіндегі адамдарды тартып, істете береді. Кейде мердігерлер немесе кәсіпкерлер әкімдік ұсынған қаражатқа келіспей жатса әкімдік кеңеспен келісе отырып ол жұмысты өзі атқара беруге құқығы болады. Бұл жерде ауылда жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа тартуға және мемлекекттік сатып алумен байланысты көптеген рәсімдерді өтпей-ақ шешуге мүмкіндік береді,-дейді маман.

Бұл үрдіс кпөетегн жұмыстың уақыт оздырмай тез шешілуіне ықпал ететін көрінеді. Мәселен, кейде ауыл ішіндегі көшелерге шам орнату қажет болады. Ол үшін байқау жүргізу қажет. Енді ауылдағы электрикке шам алып беріп, оған келіскен ақшасын төлеу арқылы бұл жұмысты тындырады. Бұған дейін ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстарына байқау жарияланып келген. Енді оны атқару үшін байқау жарияламастан жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарын тарта отырып атқара береді.

Ауылдың дербес бюджеті

2018 жылдан бері ауылға дербес бюджет берілген. Алым-салықпен ауылдың бюджетіне тікелей қаражат түседі. Алайда бұл қаражат көптеген мәселені шешуге жетпей жатыр екен. Енді ауылға жыл сайын жаңа салық түрлерін жинау құзіреті беріліп отырады.

Қазір ауыл әкімі аслықтың алты түрін жинайды, 2022 жылдан бастап тағы төрт түрін береміз. 2025 жылға дейін жыл сайын салықтың төрт түрінен беріп отырамыз. Осылайша ауылдың бюджетін көтеруге салық түрі беріліп отырады. Мәселен, жерге қатысты салықтар бар. Олар тікелей ауылдық округтерде орналасқан. Ауыл әкімі кім жерді игеріп отырғанын, кім жұмыс істемей отырғанын жақсы біледі. Бұған дейін ауыл шаруалары салықты жер теліміне қатысты төлесе, былтырдан бастап қанша өнім сатқаны бойынша да төлейтін болды. Бұл кезде ауыл әкімінің өзі шаруалардың салық төлеуін талап ететін болады. Халықты чек талап теуге үгіттейді, ауылдың бюджетіне түсетін салықты арттыруға жұмыс істеп, қадағалайтын болады,-дейді департамент өкілі.

Ауыл әкімінің құзіреті кеңейтіледі

Ауыл әкімі ештеңе шешпейді, ақшасы да, құзіреті де жоқ дегенді көп естиміз. Ауыл тұрғындарымен сайланған әкім сол жердегі проблеманың бәрін шешпесе де көбін шеше алатындай құзіреті болу керек. Сол себепті әкімнің құзіреті кеңейеді. Оған жеке талдау жүргізіліп, қандай құзіреті жетіспейтіні анықталады. Алдағы уақытта облыс, аудан әкімінен кем түспейтін құзіреті болады,-дейді ол.

Миржан Иманбаев сондай-ақ ауылдар мен елдімекендер мәртебесіне, шекарасына байланысты қайта қаралып, талдаудан өтетінін жеткізді.

Бізде кейбір ауылда он мыңнан астам халық тұрады, сол сияқты он мыңнан аз халқы бар қалалар бар. Заң жүзінде халқы он мыңнан асса ол қала болу керек. Егер халқы он мыңнан төмен болса - ол кент немесе ауылға жатады. Осы жағын реттеу үшін елдімекендерде талдау жүргізіледі. Бұл тек халыққа байланысты емес, ол жерде инфрақұрылымы, даму әлеуеті бар ма, халықтың келу, кету динамикасы қандай, иммиграция жағы қалай соның барлығы ескеріліп, ортақ стандарт жасалады. Осы стандарттар негізінде ауыл немесе қала деп қойылып келген талаптарды өзгертеміз,-деді ол.

Дегенмен ол заңда өзге елмен шекарада орналасқан елдімекендердің айрықша мәртебесін ескерілетінін айтты. Мәселен, 200-300 адамдық шағын ауылдарды бір-біріне қосу жүргізілсе, шекарадағы стратегиялық айрықша мәртебеге ие ауылдар сол күйінде қалады.

Өзгелердің жаңалығы