Ауыл әкімін сайлау: Байқаушының жұмыс блокноты әзірленді - Төлеген Күнәділов

23 Шілде 2021, 13:03
2176
Бөлісу:
Ауыл әкімін сайлау: Байқаушының жұмыс блокноты әзірленді - Төлеген Күнәділов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Партиялық емес байқау орталығында ауыл әкімдерінің сайлауына байқаушыларды сайлау алдындағы даярлау кезеңі аяқталды. 

Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов журналистерге берген сұхбатында орталық байқаушыларға сайлау жұмысы туралы нормалар әзірленген блокнот таратылғанын айтты.

Орталықпен сайлау үрдісінің барлық ерекшеліктері ескерілетін байқаушының жұмыс блокноты әзірленді. Қазіргі күні блокнот барлық байқаушыға тапсырылды. Сайлау күні қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда байқаушы қолындағы блокнотқа барлық бұзушылықты тіркей алады, - деді ол.

Бұл блокноттың ерекшелігі – әрбір байқаушы үшін заңнамалық нормалар толық көрсетілген. Атап айтқанда, тек сайлау конституциялық заңнамасы ғана емес, сонымен қатар басқа да сайлау үрдісіне қатысы бар заңнамалық нормалардың сілтемелері бар. 

Мысалы, байқаушы қандай да заңбұзушылық болса, онда блокноттан қарап, оны арнайы актіге тіркей алады. Сайлау туралы заңның 20-1-бабы бойынша әр байқаушы өзінің ескертулерін нақты фактілерге сүйене отырып жүзеге асыра алады. Өрескел бұзушылықтар анықталса, заңнамаға сәйкес актілер толтырылып, сайлау учаскесінің төрағасына бір данасы ұсынылып, бір данасы штабқа (өңірлік, республикалық) беріледі. Бұл тиісінше сайлау үрдісінің қалай өткенін бағалауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша, байқаушыларға блокноттың қағаз форматы берілді. Дегенмен электрондық форматы да бар. Блокнотты байқаушылар қолмен толтырады. Толтырылған құжатты сайлау комиссиясының төрағасына, штабқа ұсынуға мүмкіндік бар.

Одан бөлек, блокнотта сауалнама да бекітілген. Сондай-ақ сайлау учаскесінің ашылуынан бастап, оның жүргізілу тәртібі, жабылуы, санақ басталуын қамтиды. 

Сонымен бірге барлық байқаушыға сайлау учаскесіне тіркеу үшін керекті құжаттар қолдарына берілді.

Өзгелердің жаңалығы