Ауыл әкімдерін сайлау: Әйелдер кадрлық резерві жасақталуда

28 Мамыр 2021, 18:02
1587
Бөлісу:
Ауыл әкімдерін сайлау: Әйелдер кадрлық резерві жасақталуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Қазақстан әйелдер күштері альянсы» ЗТҰ қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті.

Кездесуге Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, «Қазақстан әйелдер күштері альянсы» ЗТҰ қамқоршылық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева қатысты.

Басқосу барысында ауыл әкімдерін сайлауда белсенді әйелдерді қолдаудың қажеттілігі мен кадрлық резервті жасақтау, үміткерлерге онлайн тренингтер өткізу және т.б. түйткілдер қозғалды.

Альянс мүшелері тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесін де ұмыт қалдырмады. Отырыс қорытындысы бойынша дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Түйінді түйткілді талқылау үшін барлық ҮЕҰ мен орталықты бір жерге жинақтау идеясы ұсынылды.

Жиыннан кейін Қазақстан әйелдер күштері альянсы «Заң шығарушы органдардағы әйел депутаттардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлі» тақырыбында онлайн конференция өткізді.

Конференцияға Қазақстан Сенаты мен Мәжілісінің, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат тәрізді барлық деңгейдегі 230-дан астам әйел депутаттар атсалысты.

Іс-шара барысында билік органдарында және басшылық қызметтерде әйел адамдардың санын көбейту жөніндегі тапсырманы іске асыруға ерекше мән берілді.

Саяси партия тізімінде әйелдер үлесі 30% болуы тиіс деп 2020 жылы қабылданған квотаның арқасында талай нәзік жанды сайлау қорытындысы бойынша 2021 жылы мәжіліс пен мәслихатқа депутат болды.

Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева әйелдерді әлеуметтік ахуалға белсенді түрде араластырумен қатар, олардың мәселесін шешудің де маңызды екенін баса айтты.

Біздің басты мақсатымыз - өмір сүру сапасын арттыруға барлық күш-жігерді бағыттай отыра, жұмылған жұдырықтай бірігіп жұмыс жасау. Коронавирус пандемиясы қоғамның көптеген әлеуметтік мәселесін ушықтырды, әсіресе әйелдер құқығының бұзылуына, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың өршуіне әкелді. Өкінішке қарай, әйелдердің дені бұған төзіп, мойынсұнып келеді, - деді Дариға Назарбаева.

Қор директоры Мәжіліс қабырғасында әлеуметтік және шағын бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндік беріп, әр отбасы нәпақасын айыруға болатындай әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді.

Халықпен тікелей жұмыс істейтін облыстық, қалалық және аудандық мәслихат деңгейіндегі депутаттар үшін бұл заңды өңір тұрғындарына түсіндіру керек, - деді халық қалаулысы.

Балаларды жан-жақты дамытуға да баса мән берілді. Атап айтқанда, конференцияға қатысушылар өскелең ұрпақтың физикалық және зияткерлік тұрғыдан дамуы үшін үнемі жаңа жағдайлар жасау, мектепке дейінгі және мектептегі балалардың тамақтану сапасын арттыру қажет деген тоқтамға келді.

Дариға Назарбаева Қазақстан әйелдер күштері альянсы белсенді әйелдердің басын қосатын, әлеуметтік жобаларды табысты жүзеге асыруда үнемі пікір және тәжірибе алмасуға жағдай туғызатын алаңға айналуы керек деген ұсыныс айтты.

Өзгелердің жаңалығы