Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада ерекше балаларды дамытуға арналған кітаптың тұсаукесері өтті.
«Болашақ» корпоративтік қоры «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға (АВА) кіріспе: проблемалы мінез құлықты түзету қағидалары мен аутизм спектріндегі бұзылыстар және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды үйрету стратегиялары» кітабының тұсаукесерін өткізді. Кітапты «Болашақ» қоры серіктестіктермен бірге аударып, басып шығарды.
Өздеріңіз білетіндей, «Болашақ» корпоративтік қоры барлығы жақсы көретін Disney-дің мультфильмдеріне қазақ тілінде жоғары дәрежелі дубляж жасау арқасында көпшілікке танымал. Алайда фильмдерді дубляждау қор жобаларының бір бөлігі ғана. Қордың тағы бір бағыты - аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға инклюзивті білім беруді дамыту. Бір қарағаннан осы екі бағыт екі түрлі дегенмен, оларды бір нәрсе біріктіреді – қазақ тілінде сапалы контент жасау арқылы балаларға қамқорлық жасау.
Өкінішке қарай, Қазақстанда көптеген салада қазақ тіліндегі сапалы контенттің жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселе инклюзивті білім беру саласында да бар. 2015 жылдан бастап «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамыту бойынша «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасын жүзеге асырып келеді. Оның аясында қор республика бойынша балабақшалар мен мектептерде 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Нәтижесінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктер бар 600-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. Сөйлемеген балалардың 90%-ы сөйлеуді үйренді, 21 бала өз бетінше оқуға шықты, ал 50 бала әртүрлі жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегері болды.
Ерекше балалар ата-аналарының жобаға сенімі артып келеді. Бала мектепке барсын деп адамдар аудандардан орталықтарға, бір қаладан екінші қалаға, тіпті басқа елдерден көшіп келіп жатады.
Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Өйткені Қазақстанда алғаш рет аутизм бойынша қазақ тіліне аударылған ең алғашқы кітап жарық көрді. Біз бұл сәтті өте ұзақ күттік. Кітап көптеген маманға өз септігін тигізеді деп есептеймін. Қазақстан бойынша алғашқы инклюзия кабинеттерін ашқан кезде біздің мамандарымыз, тьютор және балалардың тек қазақ тілінде біліп алып, сөйлесетінін көрдік. Ал олардың барлық бағдарламасы орыс тілінде құралған. Бұл сол кезде мен үшін Кейін Атырау, Шымкент және басқа да қалалардағы іссапарлардан кейін қазақ тілді мамандардың деңгейін көтеру маңызды екенін түсіндік. Осындай кітаптарды аудару арқылы біз қазақ тілді мамандарға әлемдік ғылыми қоғамдастық мойындаған түзету педагогикасының озық әдістерге қол жеткізуге мүмкіндік береміз. Демек, Қазақстанда ерекше балалармен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру үшін анағұрлым көп жағдай жасаймыз. Кітаппен жұмыс жасау аясында мінез-құлықты қолданбалы талдаудың кейбір төл терминдері ағылшын және орыс тілдерінен алғаш рет қазақ тіліне аударылды, – деп атап өтті «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.
Оның айтуынша, «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасына қатысатын балалардың шамамен 35%-ы қазақ тілінде оқиды. Жыл сайын қазақ тілді білікті педагогикалық кадрларға деген қажеттілік артып келеді. Алайда Қазақстанда аутизм бар балаларды оқытуға арналған қазақ тілінде бірде-бір кітап, бірде-бір әдістемелік құрал болған жоқ. Сондықтан қор «Особые дети. Введение в прикладной анализ поведения (АВА): принципы коррекции проблемного поведения и стратегии обучения детей с расстройствами аутистического спектра и другими особенностями развития» кітабын қазақ тіліне аударып, басып шығарды.
Кезінде бұл кітап мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негізгі қағидаларын егжей-тегжейлі баяндайтын орыс тіліндегі алғашқы оқу құралы болды. Бұл принциптер проблемалы мінез-құлықты түзетуде және әлеуметтік қолайлы мінез-құлықты қалыптастыруда қолданылады. Кітап педагогтарға, дефектологтарға, логопедтерге және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп, оқытатын ата-аналарға пайдалы болады. Кітаптың авторлары Юлия Эрц және Ольга Мелешкевич – сертификатталған мінез-құлық талдаушылары, мінез-құлықты қолданбалы талдаудың кеңесшілері, мінез-құлықты қолданбалы талдау әдістері мен стратегияларын қолдану саласындағы оқытушылар. Олар АҚШ, Израиль, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан және басқа елдердегі мінез-құлық мамандарының тәжірибесіне жетекшілік етеді.
Сонымен қатар «Болашақ» корпоративтік қорының инклюзивті жобаларының үйлестірушісі және кітаптың редакторы Жазира Ескендірова жоба туралы айтып берді.
Бұл – АВА терапиясы бойынша қазақ тілінде шыққан бірінші кітап. Аударма жұмысы кезінде біршама қиындық болғаны рас. Бүгінгі күнге дейін қазақ тіліне АВА терапиясы бойынша бірде бір термин аударылмаған. Ал кітап АВА терапиясы болғандықтан көп термин мен түсініктер жазылған. Кітаптың тең жартысы терминдерден құралғандықтан, оларды тікелей ағылшын тілінен аудардық. Кітапты аудары жұмысына 1,5 жылдай уақыт кетті. Оған қордың барлық мінез-құлық бойынша маманы қатысты, - деп түсіндірді Ескендірова.
Оның сөзінше, кітапты басып шығаруға 5 млн теңгедей қаражат жұмсалды.
Серіктес компания кітапты аударуға ғана емес, кітаптың 3 000 данасын тегін таратуға демеушілік етті. Кітаптың осы таралымы ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтарға, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мамандарына тегін беріледі. Сонымен қатар кітаптың даналары жоғары оқу орындарының арнайы педагогика және психология кафедраларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханаларына таратылады.
Іс-шараға бас серіктес, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілі, сондай-ақ өңірлерден мамандар мен ата-аналар қатысты. Кітаптың авторлары Юлия Эрц пен Юлия Мелешкевич жиналғандарға бейне үндеу жолдап, кітаптың құндылығы мен қазақ тіліне аударылуының маңыздылығына тоқталды.
Кітаптың тұсаукесері шегінде қор мамандары Қазақстанның өңірлерінен келген мамандар мен ерекше балалардың ата-аналары үшін мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша бір топ семинарлар өткізді.