Азаматтардың несиеге алған баспанасын қорғауымыз керек - Перуашев

23 Ақпан 2022, 15:50
1440
Бөлісу:
Азаматтардың несиеге алған баспанасын қорғауымыз керек - Перуашев
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Бірінші кредиттік бюро алаңында  «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясымен қаржы ұйымдары, банктер және коллекторлық агенттік өкілдерінің қатысуымен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын талқылауға арналған отырыс өтті.

Жиын барысында партия өкілдері әлеуметтік топты қорғау бойынша ұсыныстарын айтып, оны несие берушілермен бірге талқылады.

«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясының төрағасы Азат Перуашев кейбір ұсыныстар қаржы қауымдастықтарына ыңғайсыздық тудырғанымен, көпшілігі үйді несиеге алып, кейін қиын жағдайға қалған адамдарды қолдауға дайын екендіктерін білдірді дейді.

Біздің партияның басты ұсынысы азаматтардың несиеге алған баспанасын қорғау. Банктер оған іштей келіспесе де оны түсінетін болды. Үкіметтің заң жобасында кепілдікке қойған үйді ғана қорғауды қарастырып отыр, ал біз ипотекаға алған үйлерді де азаматтардың өзі сата алатындай жағын көтеріп отырмыз. Егер оны тартып алған жағдайда, орнына әлеуметтік баспана беру керек, яғни қиын жағдайда қалған азаматтарымыз далада қалмау керек,-  дейді Перуашев.

Сонымен қатар ол банкротқа ұшыраған адамдарға түсіністікпен қарау қажеттігін айтты.

Мәселен, адамдар бірнеше рет банкрот болуы мүмкін. Ондай құбылыс кәсіпкерлер арасында болып тұрады, бірнеше рет банкрот болып, аяқтан тұрып кетіп жатады. Қазір түрлі жағдайға байланысты немесе сырқаттанып банкрот болып жатқандар бар. Сен бір рет банкрот болдың деп, оларды енді  қорғамаймыз деген дұрыс емес. Олар да еліміздің азаматтары, сондықтан кез келген жағдайда қолұшымызды бере білуіміз керек, - деді ол.

Азат Перуашев сондай-ақ жалған банкроттыққа қатысты шараларды қатаңдатқан дұрыс деген ойын айтты.

Егер кейбір азаматтар өзін жалған банкрот деп жариялап, қолында бар мүлкін жасырса, оларға қатысты шара қолдану қажет. Мәселен, ондай азаматтардың шетелге демалуға баруына шектеу салуға болады, яғни ол адамның қарызды жабуға ақшасы бар деген сөз. Егер емделуге баратын болса әрине рұқсат беруіміз керек,- деді ол.

Бірінші кредиттік бюро директорының міндетін атқарушы Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, ел тұрғындарының 6 млн-ға жуығы қазір несие төлеп жатыр. Оның ішінде 1 миллиондай адамның несие төлеу мерзімінің кешіктірілгеніне 90 күннен асып кеткен.

Қарызын төлей алмай жатқандардың барлығында жағдай мәз емес, ипотекасын төлей алмай жатыр деп айтуға келмейді. Көпшілігінің қарыз сомасы көп емес, орта есеппен 250 мың теңгенің айналасында. Дегенмен, ипотекасын төлей алмай жатқандар, асыраушысынан айырылып қиналып қалып жатқандар да бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы