«Әулиеата жастары». 140 жас отбасы баспаналы болады

4 Мамыр 2023, 09:44
896
Бөлісу:
«Әулиеата жастары».  140 жас отбасы баспаналы болады
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс әкімдігінің әлеуметтік сала басқарма басшылары есеп беріп, баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 92,6 пайызды құраған. Студенттер мен мектеп оқушыларының 77 пайызы мемлекеттік тілде білім алуда. Ал мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 100 пайызға жеткен. Жыл басынан бері тегін оқыту курстарына 1726 тыңдаушы қабылданса, оның 1412-сі мемлекеттік тілде білім алған. Ал 69 адам орыс, 245-і ағылшын тілін таңдаған. Сондай-ақ Р.Тұрмаханбетова ономастикалық комиссиялардың жұмысы, өңірдегі көрнекі ақпарат пен жарнаманы безендіру және орналастыру бойынша түсіндірме-насихат жұмыстары туралы да айтып өтті.

Облыс әкімі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту курстарында студенттердің білім сапасын арттыру бойынша іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Бұдан кейін дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесі 39,6 пайызға жеткен. Сонымен қатар, қазіргі таңда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің саны артып келеді. Осы жылы 21 спорт нысанның құрылысы жүргізілуде.

Облысымызда 129 елді мекенге заманауи спорт алаңы керек. Осы мәселені шешу үшін үш жылдық жоспар жасалды-, деді Арман Ташметов.

Аймақ басшысы балаларды тегін үйірмелер мен секциялармен барынша қамту, алдағы ауқымды жарыстарға дайындық бойынша тапсырмалар берді.

Келесі кезекте дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыста 11 конфессияның өкілі болып табылатын 385 діни бірлестік тіркелген.

Нұржан Нұржігітов конфессияаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын айта келе, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын жандандыруды тапсырды.

Жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар бүгінде облыста 14 пен 35 жас аралығындағы 351138 адам тұратынын, бұл облыс халқының 30,5 пайызын құрайтынын айтты.

Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 5 мыңға жуық адам тартылған. Басқарма басшысы баяндамасында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен қатар «Дипломмен – ауылға» жобасына тоқталды.

Биыл «Әулиеата жастары» тұрғын үйді несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыруға екі миллиард теңге бөлініп, оның жартысы жергілікті бюджеттен қаралса, тағы бір миллиарды «Отбасы банкі» тарапынан бөлінген. Нәтижесінде 140 жас отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Облыс әкімі басқарма алдына NEET санатындағы және жұмыссыз жастардың санын азайту міндеттерін жүктеді.

Сондай-ақ, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ауылдардағы мәдениет үйлерінің құрылысы, ауқымды мәдени шараларға дайындық барысы туралы баяндады.

Бұдан бөлек ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскембекова да баяндама жасап, бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жиын қорытындысында әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін газға ауыстыру және мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы